Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындап берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев актив отырысын өткізіп, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгіледі.
Өңір басшысы Президент ел дамуының жаңа кезеңіне арналған 7 стратегиялық міндетті айқындап бергенін атап өтті. Олардың қатарында инфляция деңгейін тежеу, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық мемлекет құру, инвестиция тарту, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және көлік-логистикасын дамыту шаралары бар.
Аталған бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде салаға жауапты департаменттер мен басқармалардың есептері тыңдалды.
– Мемлекет басшысы аймақтарда бюджетті сапалы жоспарлаудың маңызын ерекше атап өтті. Бюджеттік тәртіп пен тиімділік облыс бюджетін жоспарлаудың негізгі қағидатына айналуы тиіс. Әрбір бюджет қаражаты нақты нәтижеге бағытталып, әлеуметтік-экономикалық қайтарым беруі қажет. Бюджет қаржысын тиімсіз жұмсауға жол берілмеуі керек. Керісінше, үнемділік пен мақсаттылық қағидаттарын сақтай отырып, ең өзекті салаларға басымдық беру – маңызды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Аймақ басшысы өңірде инвестициялық ахуал тұрақты екеніне тоқталып, жаңа инвестициялық кезеңге сәйкес ең алдымен жоғары технологиялы, заманауи өндірістерге басымдық беру қажеттігін жеткізді. 2025 жылы облыс экономикасына 754,5 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға артық болды. Өткен жылы жалпы құны 27,5 млрд теңгеден асатын 21 инвестициялық жоба іске қосылды.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың мәліметінше, жыл басында 2029 жылға дейін іске асыру көзделген, жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған.
– Инвестиция – жай статистика емес. Бұл – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны, жаңа табыс. Сондықтан әрбір жоба нақты нәтиже беруі тиіс, – деп сөзін сабақтады облыс әкімі.
Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық мемлекет құру тапсырмасына да ерекше назар аударылды. Ербол Қарашөкеев цифрландыру және архивтер басқармасына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлық салаға цифрландыру саясатын жүйелі енгізуді, киберқауіпсіздікті күшейтуді, дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз етуді, ақпараттық жүйелердің осал тұстарын тұрақты тексеруді тапсырды.
Сонымен қатар өңірдің көлік-логистика саласын дамыту әлеуеті жоғары екені айтылып, транзиттік мүмкіндіктерге толық талдау жүргізу, автомобиль және теміржол инфрақұрылымының жағдайын зерделеу, логистикалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымын дамыту жолдарын қарастыру жүктелді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша ҚР Үкіметінің іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірлік жоспар әзірленетін болады.
Актив отырысының қорытындысында әрбір мақсат-міндетті сапалы әрі уақтылы орындау тапсырылды.
– Бүгін берілген барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Әр бағыт бойынша нақты нәтиже талап етіледі. Президент сенімін ақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біз тек жоспар жасап қана қоймай, нақты өзгеріс көрсетуіміз керек. Әрбір шешім халықтың өмір сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс, – деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.