Жамбыл облысында орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 583 миллион теңге қаралды

Жамбыл облысында соңғы үш жылда орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 583 миллион теңге бөлініп, 21 трактор, 14 автокөлік, 183 дана агрегаттар сатып алынған.

Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.

Басқосуда табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Олжас Баққараев баяндама жасап, орман шаруашылығын дамыту, өрттен қорғау, қасақылықпен күрес және өзге де бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, өткен жылы 24,4 млн. түп ағаш отырғызылса, ағымдағы жыл басынан бері 31,4 млн. түп ағаш егілген. Күз айларында 13147 га алқапқа сексеуіл тұқымы себіледі деп күтілуде.

Жалпы, кешенді жоспарға сәйкес, 2021-25 жылдар аралығында облыс бойынша 140,8 млн. түп ағаш отырғызу жоспарланған.

Сондай-ақ, басқарма басшысы облыстың орман қорында өрт қауіпті маусымында Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК 2 ұшағы мен 1 тікұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстарын жүргізуде екенін атап өтті.

– Ағымдағы жылы орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 млн. теңге бөлінді. Оған 9 трактор, 7 автокөлік, 11 көшет отырғызғыш және басқа қажетті техникалар алынған. Нәтижесінде, материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 78 пайызды құрады,-деді Олжас Баққараев.

Биыл жеті айдың ішінде қасақылықпен күрес бойынша 800-ден аса рейдттік іс-шара жүрзіліп, 231 хаттама толтырылған. Барлығы 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, өндірілген.

Сонымен қатар, кеңесте орман шаруашылығының штат санын арттыру, тәлімбақтардың жұмысын жүйелеу, өртке қарсы бекеттердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету секілді бірқатар мәселелер де талқыланды.

Бұдан бөлек, жиында «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің есебі де тыңдалды.

Мекеменің инспекторларымен жыл басынан бері 81 рейдттік іс-шара өтіп, 175 хаттама толтырылған.

Облыс әкімі көктемгі көшет отырғызу жоспарын орындай алмаған орман шаруашылықтарының басшыларынан жеке-жеке жауаптар алды.

Тәлімбақтардың жұмысын реттей алмай отырған жауаптылардың жұмысын сынға алды.

– Барлық қажетті техникаларды алып берудеміз. Жалақы көтеру мәселесі де оң шешімін тапты. Енді тек жұмыстың нәтижесін көрсету маңызды. Қасақылықпен күрес шаралары да бір сәтке де тоқтамауы тиіс,-дей келе Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты міндеттір жүктеді.

Аймақ басшысы «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысын жүйелеуге қатысты да тиісті тұлғаларға тапсырмалар берді.

Comments (0)
Add Comment