Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді. Оның айтуынша, егістік көлемінің азаюы 2026–2028 жылдар аралығында Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 76 су каналына жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты.
Суармалы жер көлемінің уақытша азаюына байланысты суды көп қажет ететін көкөніс дақылдарының егіс көлемі 7,5 мың гектарға қысқарып, жалпы 23,6 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар бақша дақылдарының көлемі 8 мың гектарға азайтылып, 4,7 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр.
Дегенмен, өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету басым бағыт ретінде белгіленген. Осы мақсатта дәндік жүгері алқабы 11,8 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 30 мың гектарға жеткізіледі. Ал қант қызылшасының егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарды құрайды.
Жалпы алғанда, 76 су каналының жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 51,4 мың гектар егістік алқаптың сумен қамтылу деңгейі айтарлықтай жақсарады.
Өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарына қажетті материалдық-техникалық ресурстармен толық қамтамасыз етілген. Биыл егіс жұмыстарына қажетті 58 мың тонна тұқым дайындалып, қоймаларға жеткізілді. Сонымен қатар өнімділікке тікелей әсер ететін 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына шаруалардың өтінімдері негізінде 27,4 мың тонна дизель отыны бөлінді. Науқан кезінде 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылмақ.
Мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 101 шаруашылыққа 2,8 млрд теңге көлемінде 5 пайыздық жеңілдетілген несие берілді.
Өңірдің аграрлық секторын дамытуда ірі инвестициялық жобалар да маңызды рөл атқаруда. 2026 жылдың бірінші тоқсанында жүгеріні терең өңдейтін Fufeng Group компаниясының ірі өндірістік кешені іске қосылады. 800 млрд теңгені құрайтын жоба толық қуаттылыққа шыққан кезде жылына 3 млн тонна жүгері өңдеуге мүмкіндік береді.
Каналдарды жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, 2029 жылға қарай өңірде жүгері егіс алқаптарын 80 мың гектарға дейін ұлғайтып, зауытқа өткізілетін өнім көлемін 560 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Осы бағытта бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Харвест Агро Холдинг» ЖШС-не 41 мың гектар жер беру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы үш жыл ішінде бұл аумаққа инфрақұрылым тартылып, су үнемдеу технологиялары енгізіледі. Нәтижесінде 20 мың гектар алқапқа жүгері егіліп, өнім өңдеу зауытына жеткізіледі.
Республика бойынша 2025 жылы дәндік жүгеріден 1 млн тонна өнім жиналса, оның 90 пайызы Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарына тиесілі болды. Осыған байланысты Fufeng Group компаниясымен бірлесіп аталған өңірлерде жүгері қабылдау пункттерін ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өңірде қант өндірісін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы қант қызылшасының егіс көлемі 8,5 мың гектарға жеткізіліп, 450 мың тонна өнім алу жоспарланған.
Жиналған өнім екі негізгі кәсіпорында өңделеді. Оның бірі – Тараз қант зауыты. Кәсіпорын 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдеуді тоқтатып, тек қант құрағынан қант өндіріп келген болатын. 2025 жылдан бастап зауыт жаңғыртудан өтіп, қайтадан қант қызылшасын өңдеуге бейімделуде. Биылғы маусымда кәсіпорын іске қосылып, 200 мың тонна қант қызылшасын өңдейді.
Ал Меркі қант зауыты бүгінде тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынның жылдық өңдеу қуаттылығы 250 мың тоннаны құрайды.
Бұдан бөлек, 2027 жылы қытайлық «Zhongkai Kazakhstan» компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорын жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан суару жүйелерін жаңғырту, ірі өндірістік жобаларды іске асыру және мемлекеттік қолдау шаралары өңірдің аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеріп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.