Жамбыл облысында балалар нейрохирургиясы жаңа деңгейге көтерілді: Таразда алғаш рет күрделі краниотомия жасалды

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінде өңір тарихында алғаш рет синостоздық плагиоцефалия диагнозымен бір жасар балаға жоғары технологиялық реконструктивті краниотомия сәтті жасалды. Облыс деңгейінде осындай күрделі отаның орындалуы балаларға мамандандырылған нейрохирургиялық көмектің қолжетімділігін арттырып, өңір медицинасы үшін маңызды жетістік саналады.

Ота барысында медициналық пластиналар қолданылып, бас сүйек құрылымы қайта қалыпқа келтірілді. Бұған дейін мұндай туа біткен күрделі патологияларға хирургиялық көмек негізінен республикалық деңгейдегі ірі клиникаларда ғана көрсетілетін. Енді мұндай мүмкіндік облыстық балалар ауруханасының өзінде бар.

Хирургиялық емді аурухананың нейрохирургы Мирдас Мурадов жүргізіп, кәсіби біліктілігін көрсетті. Мамандардың айтуынша, синостоздық плагиоцефалия – бас сүйек жіктерінің ерте бітуінен туындайтын сирек ақау. Бұл жағдай бас пішінінің өзгеруіне және мидың қалыпты дамуына кедергі келтіруі мүмкін, сондықтан дер кезінде жасалған операция аса маңызды.

Заманауи технологияларды қолдану арқылы бас сүйек сүйектері қайта қалыпқа келтіріліп, көз ұяларының орналасуы түзетілді. Мұндай әдіс баланың миының әрі қарай дұрыс дамуына жағдай жасап, медицинада қауіпсіз әрі тиімді тәсілдердің бірі ретінде бағаланады.

Тараз қаласында осы бағыттағы алғашқы операцияның сәтті өтуі Жамбыл облысында балалар нейрохирургиясының даму қарқынын көрсетіп, сапалы медициналық көмектің өңір тұрғындарына бұрынғыдан да жақындай түскенін дәлелдейді.

Comments (0)
Add Comment