Жамбыл облысында бала тәрбиесіне арналған ата-аналар форумы өтті: қоғам мен отбасы серіктестігі нығая түсті

Жамбыл облысында «Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік: отбасы, мектеп, қоғам» тақырыбында облыстық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен жиынның негізгі мақсаты – жас ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, білім беру ұйымдары және қоғам арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына жағдай жасау.

Ауқымды шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбутәліп Мүтәлі мен Мұқаш Ескендіров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар комитеттері мен қоғам белсенділері қатысты. Форум модераторы Нұрбек Оршыбеков бала тәрбиесінің қоғам үшін стратегиялық маңызына тоқталды.

Форум барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, интернет қауіпсіздігі, балалардың психологиялық саулығы және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар бала тәрбиесінде кешенді әрі жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жас ұрпақтың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі мен сапалы білім алуы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтіп, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысының маңызын ерекше айтты.

Форум ашық диалог форматында өтіп, ата-аналар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Кездесу қорытындысында профилактикалық жұмыстарды күшейту, ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту және бала құқығын қорғауға бағытталған бірлескен жобаларды дамыту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Мұндай бастамалар Жамбыл облысында бала тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлу мәдениетін қалыптастырып, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын дамытуға ықпал етуде.

Comments (0)
Add Comment