Жамбыл облысында қауіпсіздік жөнінде рейдтер жүргізілуде

Жамбыл облысында жыл басынан бері 15 тұрмыстық өрт орын алды.Улы газбен уланудың 6 жағдайы тіркелді. салдарынан 11 адам зардап шекті, оның 5-уі  балалар. Ал бір адам қайтыс болды.Тек соңғы айда улы газбен уланудың екі жағдайы орын алды, онда 4 адам зардап шекті, оның ішінде біреуі бала,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі. 

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты, қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында, жылыту кезеңінің басталуына дейін Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үй секторына аралау жұмыстарын жүргізуде. Аралау кезінде үй иелеріне улы газдың қауіптілігі, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету әдістері, өрт кезіндегі іс-қимылдар және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы ақпараттар берілді. Аталған  іс-шараларды өткізу кезінде пешпен жылытуды, газ аспаптарын және электр жабдығын ұстауға және пайдалануға ерекше назар аударылады.

Ағымдағы жылдың 6 қарашасында «Родничок» тұрғын үй массивінің аумағында Тараз қаласы әкімдігі, «ҚазТрансАймақ» АҚ, жергілікті полиция қызметі, «Қызыл Жарты Ай» өкілдері және еріктілер қатысуымен профилактикалық рейд өткізілді. Оған Түрлі құрылымдардан келген мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін, жылыту және газ аспаптарын дұрыс ұстау қажеттілігін түсіндірді. Сондай-ақ өз мүлкіне жауапкершілікпен қарау туралы және қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың соңы ауыр қайғылы жағдайлардың туындауына себеп болуы мүмкін екені ескертілді. Сондай-ақ арнайы жаднамалар таратылды. Сонымен қатар, тұрғындарды жас балаларды үйде қараусыз қалдырмауға шақырды.

Бұл шараға жүзден астам адам қатысты. Рейдке қатысушылар неғұрлым көп адамды қамтуға тырысты және оларға қажетті ақпараттармен сусындатып, сондай-ақ туындаған сұрақтарға тиісті деңгейде жауап беруге тырысты. Осыған ұқсас іс-шаралар облыстың барлық аудандарында өткізіледі және жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасатын болады.

Облыс ТЖ департаменті ескертеді!

Тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамдардың өмірі мен денсаулықтарын сақтау мақсатында келесідей өртке қарсы іс-шараларды орындау қажет:

– ақауы бар немесе қолдан жасалған электр жабдықтарын пайдаланбаңыз, қосулы тұрған электр жабдықтарын қараусыз қалдырмаңыз;

– жылыту маусымының алдында пеш пен түтіндікті күйеден тазалаңыз;

– жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмаңыз, жас балаларға жанып жатқан пешті қарауды сеніп тапсырмаңыз;

– отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пеш алдына жақын орналастыруға тыйым салынады;

– заттарды, киімдерді пешке жақын кептірмеңіз;

– балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмаңыз.

 Жамбыл облысы ТЖД 

Қоғаммен байланыс тобы

Comments (0)
Add Comment