Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық көлікте электрондық билет жүйесі енгізілді. Нәтижесінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 98,7 пайызды құрады. Осы жоба аясында Тараз қаласында 53 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Білім беру саласында «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жоба аясында мектептерде орналастырылған турникеттер арқылы тұлғаның биометриялық (FaceID) параметрлерін пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Қоғамдық көлікте қолданылатын tulparcard картасының көмегімен мектеп асханаларында да төлеуге болады.
Сонымен қатар, мобильдік қосымшасы әзірленді, бұл ата-аналарға баланың автобустан шығып, мектепке кіріп, асханада ақы төлеп, үйіне оралғаны туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Әзірленген «Ата-ана бақылауы» ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы баланың ақпараттық деректерін біріктіреді де ақпарат баланың ата-анасына жіберіледі. Соңғы деректер бойынша қосымшада 5228 ата-ана және 3450-бала тіркелген. Жоғарыда аталған пилоттық жоба 10 мектепке енгізілді.
Сондай-ақ, бүгінде E-JAMBYL.KZ домендік атауымен платформа қалыптастырылған өңірлік геопорталда жалпы ауданы 1978 га бос жер учаскелері туралы ақпарат орналастырылуда.
Қыркүйек айында 2GIS халықаралық компаниясы Тараз қаласында өз жобасын іске қосты. Жобасы аясында 17 жұмыс орны ашылды. Картада Тараз қаласы маңындағы 13 елді мекен де көрсетілген.