Жамбыл облысында қанша шетел азаматы тұрып жатыр?

  Жыл басынан бері өңірге 18 мыңға жуық адам көшіп келген,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі. Биыл Жамбыл облысының аумағына 21 252 шетел азаматы уақытша тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылы 12 мыңнан астам болған. Өңірге келгендердің ішінде 88-і алыс шетел азаматы болса, 21 164-і ТМД аумағынан. Азаматтығы жоқ тұлғалар мен ықтиярхатымен келгендердің саны – 1 241.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Жамбыл облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Тұрдалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, ел аумағында жүріп-тұру ережелерін бұзғаны үшін 1 241 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ ТМД мемлекеттерінің 197 тұрғыны Қазақстаннан шығарылыпты.

«Шетелдіктерді қабылдау заңнамасын бұзғаны үшін еліміздің 766 азаматы жауапкершілікке тартылды. Өзге елдерден келген жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 36 жамбылдық та заң алдында жауап берді. Ал еңбек қызметін жүзеге асыруға 16 319 патент берілді. Биыл 6 мыңнан аса шетел азаматы аймақта тұрақты тұруға тіркелді. Былтыр осылай 9 601 адамды қабылдағанбыз. Ағымдағы жылы көшіп келгендердің  5336-сы ТМД аумағынан қоныс аударған. 237-сі алыс шетелден келген, азаматтығы жоқ тұлғалардың есебі 1 135-ке жетті. Арнайы ыхтиярхатымен 1 239 адам келсе, азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігімен 105-і ресімделді», – деді Арман Асылханұлы.

Спикер жыл басынан бері жеке басын куәландыратын құжатқа 101 мыңнан аса электрондық өтінім жіберілгенін баяндады. Нақтылай айтқанда, 26 967 паспорт пен 75 455 жеке куәлік ресімделген. 13 424 азаматтың жоғалған құжаттары қайта қалпына келтіріліпті. 1 582 адамның анықтама деректері өзгерген, оның ішінде 1 419-ы тегін өзгертсе, 104-і ұлтын өзгертіпті. 59 азамат туған күні мен жылын өзгерткен.

«Қазақстан азаматтығына жеңілдетілген тәртіпті пайдаланған – 1 035 адам, Президент Жарлығымен қабылданған 86 адам құжаттандырылды. Есепті мерзімде тұрғылықты жері бойынша 54 782 азамат тіркелді, мұның 37 068-і облыс ішінде болса, 17 638-і басқа облыстардан, 76-сы елімізден тыс жерден келген. Тіркеуден барлығы 20 349 азамат алынды. Мұның 19 533-і тұрғын үй иесінің өтінішімен шығарылса, 816 адам өзге мемлекетке қоныс аударды», – деді басқарма бастығы.

Comments (0)
Add Comment