Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акция аясында облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Іс-шаралардың мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру, өрт қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазарту.
Акция аясында бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қазақтың көне салты «Асар» дәстүрі қайта жаңғырды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 7 шілдесі күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алып, бұл жергілікті тұрғындарды әбігерге салған болатын. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар, ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерді асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат қатысты.
Бұл жөнінде Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков – «Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақпен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты болмасын ауыз біршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін» – деді.
Сонымен бірге, бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына волонтерлар тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясына 200-ден астам жастар жағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.
Басым көпшілігі жастарды құраған акция қоршаған ортаның ластану проблемасына, өлкеміздің табиғатын сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіруде үлкен рөл атқаруда.
Сонымен қатар, Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық деңгейдегі жолдардың бойында, саябақтарда орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары өткізілді.
Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін артыру мақсатында белсенді азаматтардың, волонтерлардың қатысуымен Тараз қаласындағы Талас өзені мен Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалаулары бойындағы қоқыстардан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды.
Сонымен бірге, Жамбыл ауданы, Аса ауылында волонтерлар арасында конкурстар, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Конкурстарға аула тұрғындары қатысып, белгіленген аулалар сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды (газон) шабу жұмыстарын жүргізді.
Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан, әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен базар аумағы қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ, қатысушылар базар маңайындағы жасыл аймақтарды суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.
Бүгінгі күнге Жамбыл облысында акция аясында 320 мың м2 әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің іргелес аумақтары, 206 мың м2 отын-энергетика кешендерінің, 108 мың м2 емдеу орталықтарының, 508 мың ш.м. оқу орындарының, 280 мың м2 орта және шағын кәсіпорындардың аумақтары тазартылды, 818 шқ каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шқ көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды, 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды, 2,4 мың тал ағаштары санитарлық бұталанып, 455 мың м2 жасыл желектер суғарылды. Сондай-ақ, 60 тарихи-мәдени ескерткіштер мен 143 саябақ, сквер аумақтарды тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға жалпы 910 бірлік техника жұмылдырылған.