Жамбыл облысы Шу ауданында 3 білім беру нысаны пайдалануға берілді

Жамбыл облысында 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні аясында Шу ауданында 3 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Атап айтқанда, ауданға қарасты Мойынқұм, Ақсу ауылдарында жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 2 бөбекжай-бақша, Шу қаласында бастауыш мектеп ашылды.

Салтанатты шараларға аудан әкімі Сәкен Арубаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Мойынқұм ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген балабақшаның құрылысы «Ерке-Есіл» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүргізілген. Бөбекжай 200 балаға шақталған десек, елді мекендегі 40 адам жұмыспен қамтылған.

Ақсу ауылындағы жаңа балабақшада да 50 бала тәрбиеленіп, 10 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.

Республика күні мерекесіне орай Шу қаласында 280 орынды «IQ URKER   SCHOOL» жеке меншік мектебі де есігін айқара ашты. Нысан ғимараты екі қабаттан тұрады, оқу кабинеттері, спорт және музыка залымен қамтылған. Білім ошағы мектеп алды даярлық және бастауыш сыныптар бойынша негізгі және қосымша мемлекеттік білім беру бағдарламаларын жүзіге асырады.

Comments (0)
Add Comment