Жамбыл мен Дина

Ұлылар жайлы білетінімізден білмейтініміз көп. Бірақ білу үшін баяғы ақындардың, өнер майталмандарының естеліктеріне үңілген жөн. Сол есті естелік иелерінің бірі – ақын Тайыр Жароков.

Ол өзінің «Дарын табиғаты» атты мақаласында былай деп жазады: «1928 жылдың август айы. Жадыраған жаздың жайлы күні еді. Алматыға окуға келе жатқан бетіміз. Ол кезде Түрксіб әлі салынбаған. Фрунзеден Алматыға жету үшін Луговойға соғып, шиқылдаған арбамен әбден зерігіп, шаршап келеміз. Әйтеуір Қордайдан асып Қастекке кұладық-ау! Қарақастекке төртінші қоналқада әрең жеттік. Әбден шаршап-шалдығыппыз. Дем алуға келістік. Сергіп көңілденіп қалдық. Жолдың екі жағындағы ағаштарға, егіндіктерге, тау бөктеріне сүйсіне қарап әңгіме шертеміз. Алыстан қарлы шындар көз тартады.

Кенет ауыл жақтан шырқалған ән, күмбірлеген күй естілді. Жолдастарым да, мен де елеңдесіп, киіз үйге қарай тұра жөнелдік. Әнге бола ел жиылып қалған екен, киіз үйге біз де кіріп келдік. Торғын кілем үстінде домбыра ұстаған алты-жеті ақын қатар отыр. Бәрі де егде кісілер көрінеді. Олар кезектесіп домбыра тартып, ән салады. Сығылысып тұрған біздер ақындарға ынтыға қараймыз. «Ағайын, мына кісілер – біздің Жетісудың ақындары», – деп таныстырды тыңдаушылардың бірі. Үй иесі бізге ықыласпен орын көрсетті. Біз отырдық.

Сол кезде қарттың бірі домбыраны қолға алып шертіп-шертіп жіберді де, өзінің өлеңін ағыза жөнелді. Ол өте қуақы, қағылез қарт еді. Орта бойлы, кең иықты, жарқылдаған ақкөңіл жан тыңдаушыларды бірден өзіне ынтықтырып, үйіріп әкетті. Шап-шағын киіз үйде шаттық күлкі тасқан еді. Жұрт серпіле түсті. Ал ол басындағы барқыт тақиясын шекесіне қарай қозғап қойып, тамаша өлең жолдарын тыңнан туғызып тындаушысын мәз етіп отырды.

«Көп жаса, Жамбыл!», «Тағы, Жәке, тағы!» – деп айғайлайды көпшілік, алғысы мен тілегін коса жаудырып.

Бұл менің Жамбылмен алғашқы кездесуім болатын. Ол кезде мен даңқты ақынның ең жақын әрі айрылмас серіктерінің бірі болармын деп ойлағаным да жоқ еді. Жамбыл не туралы жырлап еді? Өлеңнің сөздерін еске сақтай алмағаным қандай өкінішті. Тек қана ойымда сол өлеңнің жалпы желісі, мазмұны ғана қалыпты. Жамбыл өлеңді көп айтты. Оның тамаша сөздеріне еліккен жұрт ақынмен бірге шаттанып, бірге қуанысып отырды».

Тайыр ақын кейін тағдыр айдап Жамбыл бабамыздың сенімді достарының біріне айналды. Аузынан шыққан асыл сөздерін қағазға түсіретін хатшысы болды. Оның бұл қызметі Жамбыл ақынның шығармашылығы туралы сырларын қалың жұртшылыққа жеткізіп, жандарына бұрынғыдан да жақындата түсті.

«Жамбыл оқырмандары қолына қалам алмаған ақынның өлең өнерін қалай меңгеріп, қалай туғызғанын білгісі келеді. Ол былай. Жамбыл өлеңді домбыраға қосып шығаратын. Кейде жазып үлгіре алмағанды жаратпай да қалатын. Ол жазып алғаныңды оқуды өтінеді, тіпті, талап етеді. Кейде Жамбылға жазғаның жақпайды. Ол келіспеген жолдарды қайта айтып кетеді. Артынан жөнделген нұсқаны қайта оқуды сұрайды, тағы да жақсарту қажет пе деп ақылдасады. Егер кемшілігін айта қоймасаң, ойлы қалыппен бетіңе қарап аз отырып, сұраулы көзқараспен: «Маған сене берме, ұялма, былай емес, олай деп айт. Мен қараңғы адаммын, ғалым емеспін, сенің жазуыңды да танымаймын. Егер бірдемесі келіспесе, дәл сол жерін жөндеп жібер! «Жамбыл жырлай білмейді, Жамбыл – жаман ақын» деп ертең халық айтады. Ал мендей қартқа жалған сөз жараспайды. Өлең өтірікті жаратпайды. Бұл ақынға оңай соқпағанымен, менің халқым өлеңшіл, жыршыл халық болғандықтан, өзім де өлең айтып, жыр шығаруға әуестендім. Ал өлеңді жаман шығарсаң, оныңды халық кешпейді, бәрін өзіңнен көре бер!..» – дейтін.»

Есімі қазақ халқының құдіретті күй өнерімен қатар аталатын Дина анамыздың да қазақ мәдениеті мен музыка өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Дина күйші» атты жинаққа енген естеліктердің арасында Дина анамыз бен Жамбыл бабамыздың кездесуі туралы қызықты мағлұмат та бар. Бұл естеліктің авторы әйгілі композитор Ахмет Жұбанов. Ахмет атамыз өз заманында ел арасында күйші Дина туралы мәліметтерді жинастырып, көзін көрген адамдардан құнды деректер жинаған.

Ол: «Профессор Беляев «Халық музыканттарының байқауы» деген мақаласында «Қалың бұқараның музыка мәдениетін өркендету құралы ретінде байқау халық музыкалық аспаптарының маңызын көтерді. «Домбыраның Жамбылы» – Дина көрсеткен асқан шеберлік, домбыра сияқты халық аспаптарын сақтау, оны өркендету жолындағы үгіттің ең жақсы әдісі», – деп жазды.

Дина сол байқаудан жігері тасып оралады. Қазақтың домбырашылық салтын насихаттауға құлшына кірісті, соның арқасында халық аспаптарының салтын қазақтың халық оркестрі игеріп кетті. Дина астана сахналарында ғана емес, филармонияның жолдамасымен басқа жерлерге де барып концерт қойып жүрді. Дина айналасына жастарды жинап, домбыра үйретуге күш салды. Қазақтың жас домбырашыларына өзінің домбырашылық өнерін барынша үйретті. Динаның үйінде музыкашылар қаптап жүретін. Ол қажымай-талмай күй тартатын.

1940 жылы өткен Қазақстанның жиырма жылдығына арнап Дина «Тойбастар» күйін шығарды. Дина бұл күйінде бостандық алған, өз мемлекеті өркендеп келе жатқан экономикасы мен мәдениеті бар халқының шалқыған қуанышын суреттейді. Бұл күй оркестрдің тартуына өте лайықты еді. Сондықтан оны Құрманғазы оркестрі тартып, пластинкаға жазылып алынды.

Бір күні Динаның үйіне жалтыраған кара машина жетіп келді. Жас шофер жігіт кішкене қыздан Динаның терезесіне қарай қолын шошайтып, бірдеңені сұрап тұр. Машинадан орта жастардағы біреу шықты да тура Динаның үйіне қарай жүрді. Ол Жамбылдың баласы Алдагерей екен, әкесі Динаны қонаққа шақырып кел деп жіберіпті. Салт бойынша жасы кіші Динаның Қазақстанның атақты ақынына алдымен барғаны ыңғайсыз болар деп жауап береді. «Мен сәлемді ғана айтып тұрмын, кімнің есігін бұрын көрсетуі керек екенінде менің шаруам жоқ», – деді Алдагерей. Дина барар-бармасын білмей біраз қобалжып тұрады да, совет поэзиясының ақсақалының шақыруына баруды ұйғарады.

Жамбылдың ауылы етегіне орналасқан қаһарлы Суықтөбе жөніндегі аңыздарды шофер жолшыбай жағы сембестен Динаға айтып келеді, айтып келеді. Жамбылдың баласы оның сөзін мақұлдап, анда-санда басын изеп қояды. Ал кей жерлерінде тым бөсіп кеттің деген кісіше миығын тартып қояды.

Дина келіп түскенде Жамбыл үйінде жоқ еді. Бір сағаттан кейін ол жатаған атымен келді де, аттан түсіп, шылбырынан қадаға байлап, үйіне қарай беттеді. Жамбыл Динаның қолын қайта-қайта алып, көріскеніне қатты қуанды. Дина қандай алыс жерден келді дейсіз! Бұрынғы кезде Каспий жағасынан әйелдің Алматыға келуін арман етуге де болмайтын еді ғой.

Олар асықпай шай ішіп, өткен-кеткенді естеріне түсіріп, әңгімелесіп көп отырды. Дина өзінің, Құрманғазының күйлерін тартты. Дина зерек болатын, ол бір естігенін қалтқысыз, мүдіртпей айтып беретін еді. Жамбыл Динаның сол қолын мақтағанда Дина: «Құрманғазы едәуір уақыт домбыра тартып отырып, менің сол қолымды өзінің оң қолына ұстап отырып, егер осы екі қол бір адамға біткен болса, онан асқан дүниеде домбырашы болмас еді», – деген-ді деп жауап қайырды. Жамбыл Динаның қолына арнап өлең шығарады. Бірақ қасында хатшысы болмады да қағаз бетіне түспеді. Дина Жамбылдың үйінде қонып қалды.

Ертеңгісін Дина Жамбылдың келіні қозы көгендеп жатқанын көріп, өзінің жас кезі есіне түсті. Жамбылға «Көгентүп» деген күйінің шығу тарихын айтып береді.

Ауылда қозыны алғаш рет көгендегенде балаларға енші береді, соны көгентүп дейтін. «Менің абысыным – Кербездің бір қора қойы болатын, ол қозылардың ізінде жылқышының кішкентай баласы жүретін. Бірде, көктемде қой жаңа қоздап, қозыны жаңа ғана көгендеп жатқан кезде, салт бойынша Кербез жас балалардың біреуіне арнап бір қозыға ен салуы керек еді, қозышы бала үндемейін сызылтып, бір мұңды әнді айтып жүреді дегенді естігенмін. Кербезге қозышы балаға арнап қозыға ен сал дедім. Кербез менің айтқанымды істеді. Бала менің айтқанымды сезгендей алдымен маған, сонан кейін барып Кербезге алғыс айтты. Баладан мен жалғыз жүргенде айтатын өлеңін айтып беруді өтіндім. Аз ғана уақыт ұялып тұрды да бала өлеңін айтуға кірісті. Ол бала жақында қайтыс болған шешесінен өткен жылы естіген «Ақ қозы» деген әнді айтып жүреді екен. Өлеңнің аты мазмұнымен жымдасып жатыр. Бұл өлеңде енесін қасқыр жеген жетім қозы жайлы айтылады екен. Бала өзін сол ақ қозыдай, ал байларды қасқырдай көріп, өлеңді ерекше сезіммен айтты. Баланың әні көкейімде қалды. Мен кедей балаға арнаған «Көгентүп» деген күй шығардым. Сіздердің барлық балаларыңыздың да бақытты екенін көріп тұрмын. Қойшы қойын жөндеп бақса, ғалымдармен, артистермен, мемлекет басқаратын үлкен адамдармен қатар наград алады екен», – деді Дина Жамбылға.

Дина Жамбылдың үйінде үш күн қонақ болды. Ұлы ақынмен кездескенінен Алматыға үлкен әсер алып қайтты.

Дина тартатын Құрманғазының, басқа да халық композиторларының күйлері, оның өзі шығарған күйлері пластинкаларға, пленкаларға жазылып, қазақтың музыкалық қорына енді. Бұлардың ерекше құндылығы – Динаның домбыраны ерекше шебер тартатындығында. Бұған дейін Құрманғазының, Дәулеткерейдің, басқа да халық композиторларының күйлерін тартушылардың ішінен Динадай домбыра тілін білетін ешкім кездескен емес, талантты домбырашы домбыра тартудың өзіндік жолын салып кетті. Құрманғазыдан басқа домбырашы халық композиторларының көбісінің оң қолының өнері күйдің басынан аяғына дейін бірқалыпта қосылып отыратын болса, Динада ол әлсін-әлсін өзгеріп, шығарманы майын тамыза, музыкалық картинаның алуан түрлі өрнегін жасап отырады. Ал оң қолдың өнері күйдің формасы мен мазмұнын көрсетуде шешуші жағдай десе де болады», – деп еске алады Ахмет атамыз.

Бүгінде, әрине, заман басқа. Адамдардың ата-баба дәстүріне, олардың ақындық, әншілік, күйшілік өнеріне деген көзқарастары да өзгерді. Тіпті, бұрынғының ақындарын оқымайтындар (менсінбейтіндер), ал әншілері мен күйшілерін тыңдамайтындар (білмейтіндер) да көбейді. Бұл ойланатын, алқалы жиындарда ақылдасатын мәселе.

Бұрынғының жырларында қазақтың тұма бұлақтай таза тілі бар. Көнерген, бірақ орайын тауып қолданылуын күтіп жатқан жақұт сөздері де көп. Күй де солай. Домбыраның екі ішегі мен аз ғана пернелеріне әлемдегі барлық үн мен мұңды сыйдыру – мықтылардың мықтысының маңдайына ғана жазылған бақыт.

Жамбыл Жабаев та, Дина Нұрпейсова да домбырамен дос болған. Бірі домбырамен өлең шығарып, жыр нөсерін селдетсе, екіншісі небір керемет күйлерін тудырған. Дина апамыздың Құрманғазы мен Жамбыл қызықққан қолдары мен саусақтары қара домбыраның пернесінде ерке еліктей ойнаған.

Қазақ мәдениеті мен өнеріндегі осы екі алыптың бір-бірімен кездесіп, бір-бірін көріп, бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, өткен өмірлері мен өнерлері жайлы сыр бөлісуі, сол кездесуде суретке түсіп, ұрпақтарына әдемі фотестеліктер қалдыруы – біле-білгенге мәдени тарихымыз үшін үлкен олжа.

Ақмарал ІЛЕБАЕВА,

«Жамбыл облыстық айтыскер ақындар,

жыршы-термешілер орталығының» әдіскері

Comments (0)
Add Comment