Биылдан бастап Ұлттық Бірыңғай Тестілеу жылына төрт рет өткізіледі. Салаға енгізілген жаңашылдыққа сай білім гранты мамандық бойынша емес, білім бағдарламасының топтары бойынша тағайындалады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының Жамбыл облысы бойынша базалық филиалының басшысы Жамбыл Алпысбайұлы толығырақ мәлімдеді.
– Жаңа жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгерістер енгізіліпті. Ол қандай өзгерістер, осы бағытты тарқатып айтсаңыз?
– Биылғы үлкен өзгерістің бірі – ҰБТ жыл ішінде қаңтар айында басталып, 4 рет өткізіледі. Сонымен ҰБТ өткізу мерзімдері қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айлары. Яғни, қаңтардан бастап мектеп түлектері үшін ақылы негізде оқуға шартты түрде түсуге мүмкіндік беріледі. Қаңтар, наурыз айларында өтетін бұл тестілеу түлектерге негізгі тестілеу алдында өз білімдерін тексеріп көрудің таптырмас жолы болмақ. Түлек осы тестілеуден кейін 2019 жылдың жаз айында (маусым-шілде) негізгі тестілеуге қатысып, балл саны жеткен жағдайда мемлекеттік грантқа үміткер болады. Ал қаңтар, наурыз айларындағы тестілеу кезінде шекті балл жинаған талапкер осы кезде берілетін сертификатпен университетте тек ақылы негізде оқи алады. Қазір мектеп бітірушілері арасында оқушы қаңтар, наурыз айындағы тестілеуге қатысса, жаздағы гранты бар негізгі тестілеуге қатыса алмайды екен деген бұрыс ақпар тарапты. Қайта айта кетейін, қаңтар, наурыз айларында өткен тестілеуге қатысқан талапкерлер маусым айындағы ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік грантты иелену мүмкіндігінен айырылмайды. Тестілеуге қатысу үшін өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ тапсыру пунктеріне мерзімінде беру қажет.
Тағы бір жаңалық – шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзіреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін (ағылшын) меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттары бар оқушылар қалауы бойынша «Шет тілі (ағылшын)» бейіндік пәнін немесе арнайы пән бойынша тестілеу тапсырудан босатылады. Яғни, оқушылар TOEFL ITP (кемінде 310 балл), TOEFL IBT (шекті балл – 79-дан кем емес), TOEFL (шекті балл –567 балдан кем емес), IELTS (шекті балл – 6.0 балдан кем емес) сертификаттарын құжаттарымен бірге тапсыруы қажет.
– Бұл жолғы тест тапсырудың жаңа механизмдері қандай болмақ?
– ҰБТ өткізудің форматы биыл өзгермейді. Оқуға түсетін талапкер дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және таңдаған мамандығына қарай 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Барлық тест тапсырмалар саны –120, жоғары балл –140. Тестілеудің жалпы уақыты – 3 сағат 50 минут (230 минут).
Ал құжат тапсыруына келетін болсақ, әрбір оқушы жеке өзі Ұлттық бірыңғай тестілеуін өткізу пунктіне өткізе алады. Бірақ құжат қабылдайтын желтоқсан, ақпан айларында ауа райының салқын болуына болуына байланысты, сабақтарына кедергі жасамау және қауіпсіздіктерін сақтау мақсатында Тараз қалалық білім бөлімімен келісе отырып, жауапты мектеп директорларының орынбасарлары арқылы қабылдауды жөн көрдік.
– Биыл оқушылар ҰБТ-дан жоғары оқу орындарына түсу үшін қанша балл жинау қажет? Мемлекеттік грант туралы да айтып өтсеңіз?
– Оқушылар жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін белгіленген шекті балл жинау керек. Мысалы, Ұлттық жоғары оқу орындарына құжат тапсыру үшін мамандықтарына қарай кемінде 60-65 балға тапсырған сертификаты болу керек. Ал басқа университеттерде оқу үшін кемінде 50 балл алсаңыз жеткілікті. Бірақ тестіленуші ақылы негізде оқу үшін кемінде әрбір пәннен 5 балдан жоғары жинау керек.
Ал мемлекеттік грантқа келетін болсақ, ол туралы мәлімет ағымдағы жылдың көктем айында халықтың назарына ұсынылады. Онда жалпы қанша грант, әрбір мамандықтарға бөлінген грант саны көрсетілетін болады. Бұл жерде шекті балл деген жоқ. Жоғары балл жинаған мектеп түлектері конкурсқа түсіп, іріктелінеді.
– Ал ҰБТ сауалдар базасында өзгерістер бар ма?
– ҰБТ сұрақтары базасы жыл сайын жаңартылып отырады. Жаңартылған тест үлгілерін оқушылар testcenter.kz сайтында ұсынылған онлайн тест тапсыру арқылы өз білімдерін тексеріп көре алады.
– Өзіңіз жетекшілік ететін ҰБТ өткізу пунктінің жұмысын, міндетін оқырмандарға түсіндіре кетсеңіз, биылғы ҰБТ-ны ұйымдастыру шаралары қай деңгейде?
– Ұлттық тестілеу орталығының Жамбыл облысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуін өткізетін 10 пункті бар. Яғни, олар Ұлттық тестілеу орталығының филиалдары болып саналады. Пункттер Тараз қаласы мен аудан орталықтарында орналасқан. Оның ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі филиал базалық болғандықтан, барлық қалған филиалдардың жұмысын қадағалап, тестілеуді ұйымдастыруда бағыт-бағдар береді. Барлық пункттердің басты міндеті – мектеп мұғалімдері, ата-аналар мен бітіруші түлектер арасында ҰБТ жайлы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізу. Ал басты жұмысы – оқушылардан ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерін қабылдау, тіркеу және жоғары деңгейде тестілеуді өткізу.
Сұқбаттасқан Толғанай АТАБАЙ