Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазақстандағы коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі «Ел үшін егілемін» азаматтық штаб мүшелері конференция өткізді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Пандемиямен күрес бойынша «Ел үшін егілемін» азаматтық штаб мүшелері медицина қызметкерлері, сарапшылар, еріктілер, БАҚ өкілдерімен кездесу барысында COVID-19 және вакцинация қарқыны туралы өңір тұрғындарына шынайы ақпарат тарату үшін Жамбыл облысына келді.
Соңғы екі аптада Жамбыл облысында ауру қарқыны төмендеп, науқастар саны 12 пайызға, яғни 291-ден (06.10-12.10) 255-ке дейін (13.10-19.10) азайды. Күніне 35-40 адам ауру жұқтыруда. Елде тәулігіне 2 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды деп тіркелуде. 2021 жылдың 7-інші тамызында елімізде ең көп көрсеткіш анықталып, ол кезде 8 325 адамнан ковид табылды. 19 тамызда елімізде 163 адам коронавирустан көз жұмды. Осылайша, Қазақстан тамыздың ортасында ковидтен қайтқандар саны бойынша әлем елдері арасында екінші орынға шықты. Қазіргі таңда аурудың асқынған кезеңінен өттік, алайда инфекциядан қайтқандар саны бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы орындарда тұрмыз.
– Жамбыл облысындағы екпе алу қарқыны республика бойынша жоғары көрсеткішті көрсетіп тұр, ел бойынша бұл өңір үшінші орында. Соңғы айда вакцинаның бірінші компонентімен қамту қарқыны 9 пайызға артқан (71 пайыздан 80 пайызға дейін), ал 20 қазандағы жалпыреспубликалық көрсеткіш 71 пайызды құрады. Вакцинациялауға жататын азаматтардың оңтайлы санының көрсеткішін қайта қарауға байланысты (9 млн 970 мыңнан 11 млн 390 мыңға дейін (ДСМ 13.10.2021 ж.), әрбір өңірде вакцинацияланатындардың санын ұлғайту қажеттілігі пропорционалды түрде өсті, – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі, ҚР Пемьер-министрі орынбасарының баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев.
Қазіргі таңда елімізде вакцинаицялауға жататын 11,4 миллион тұрғынның тек 8 миллионы ғана екпе алған.