Жамбыл ауданында өндіріс пен инфрақұрылым дамуы қарқын алды

Жамбыл ауданында 2025–2026 жылдары әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салалары тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асуда және аудан халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Аудан әкімінің мәліметінше, қазіргі таңда өңірде 12 шағын өнеркәсіп нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында мұнай өңдеу, медициналық бұйым шығару және гипс өндірісімен айналысатын кәсіпорындар бар. Өткен жылы кейбір кәсіпорындар Тараз қаласының аумағына өткеніне қарамастан, аудан өнеркәсібінде 44,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 35 миллиард 413,9 миллион теңгені құраса, оның 28 миллиард теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты. Жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылды.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады. Төрт ірі жоба жүзеге асырылып, 21 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде Айша бибі ауылындағы сыйымдылығы 7 мың тонна көкөніс сақтайтын қойма, сүт өңдеу цехы және балық шаруашылығы жобалары бар. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 56 миллиард 584 миллион теңгеге жетіп, оның басым бөлігі өсімдік шаруашылығына тиесілі болды. Сонымен қатар 51 933 гектар алқапқа егіс егіліп, әртүрлі дақылдардан мол өнім жиналған.

Туризм саласы да назардан тыс қалған жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында орналасқан қызмет көрсету орталығы ашылып, 50 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал алдағы уақытта бұл салада тағы 12 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың бір бөлігі 2026 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс саласында өткен жылы 13 миллиард 568 миллион теңгенің жұмысы атқарылды. Бюджет қаражаты есебінен 7,7 миллиард теңгеге 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бірқатар ауылдарда мектептер, мәдениет үйлері, таза ауыз су жүйелері пайдалануға беріліп, газ құбырлары мен жол құрылыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар 31 елді мекен толық ауыз сумен қамтылған.

Ауданда шағын және орта бизнес те белсенді дамуда. Қазіргі таңда 6650 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 6136-сы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл секторда 7967 адам еңбек етеді. Өткен жылы кәсіпкерлер 52,3 миллиард теңгенің өнімін өндірген.

Жалпы алғанда, Жамбыл ауданында өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инфрақұрылым салаларында іске асқан жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етіп отыр. Мамандардың айтуынша, инвестициялық жобалардың жалғасуы жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Comments (0)
Add Comment