Бүгінде Жамбыл ауданында 1 321 адам тұрғын үй кезегінде тіркелген. Осы мәселені шешу үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 5 қабатты 76 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, мамыр айында пайдалануға берілді. Осындай тағы 4 тұрғын үйдің құрылысына 1,9 млрд теңге бөлінген екен. Алайда, республикалық бюджетті нақтылау барысында аталған қаражат қысқарып кеткен. Бұдан бөлек, жаңа тұрғын үй массивтерінің кәріз жүйесі құрылысы жүргізілуде.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев айтты. Оның мәліметінше, биыл кезекте тұрған 11 мыңнан аса тұрғынды жер телімімен қамту мақсатында 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су, газ құбырларын жүргізуге 2,2 млрд теңге бөлінген. Содай-ақ, Бесжылдық, Қызылқайнар ауылдарындағы жаңа тұрғын үй массивіне қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталған. Бірлесу-Еңбек, Тастөбе, Бектөбе ауылдарына қиыршық тас төселуде.
«Бүгінге Айшабибі ауылында – 382, Бірлесу-Еңбек ауылында – 130, Тастөбе ауылында – 89, Ш.Ниязбеков ауылында – 97, барлығы 698 жер учаскесі кезекке сәйкес беріліп, Бектөбе ауылында – 143, Қызылқайнар ауылында 222 жер учаскесін алдағы мереке күндері табыс етеміз. Нәтижесінде, 1 063 отбасына жер беріледі. Былтыр 8,6 шақырым аудандық мәндегі 2 автомобиль жолы және 24 ауылдың жалпы ұзындығы 76 шақырымды құрайтын 96 ауылішілік жолдары жөнделді. «Жұмыспен қамту жол картасымен» 12 ауылдың 61 көшесі, 1 аудандық мәндегі жол жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 ауылдың 8 көшесі жөнделді», – деді спикер.
Ол ағымдағы жылы 125,2 млн теңгеге аудандық мәндегі 5 жол жөнделгенін де жеткізді. 10 ауылдың жалпы ұзындығы 8 812,7 шақырымды құрайтын 26 ауылішілік жолдары жағарған. Оның ішінде, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 6 ауылдағы 10 көше және аудандық бюджет есебінен 8 ауылдағы 16 көше жөнделіпті. Осы жоба аясында Гродиково ауылындағы тротуарға, аудандық бюджеттен Айшабибі ауылындағы тротуарға қаражат қаралған.