Жалынды жастар әскерге аттанды

Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде мерзімді әскери қызметке салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ҚР Қарулы Күштерінде әскери қызметтің маңыздылығын насихаттау, олардың Отанды қорғау қажеттілігі туралы дұрыс түсінігін қалыптастыру, бойларына адалдық, аға ұрпаққа құрмет, батылдық секілді асыл қасиеттерді сіңіру мақсатында өткен шара барысында әуелі аталған облыстық департаменттің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов сөз алып, болашақ сарбаздарға жылы лебізін арнады.
– Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия құруға ерекше көңіл бөлінуде. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің адамгершілік мектебіне айналды. Соның арқасында әскерге баруға ниетті жастардың қатары артып келеді. Қарулы Күштердің сапына қосылу – қайсарлық пен азаматтықтың белгісі. Еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылық мәңгілік салтанат құруы сіздер секілді жалынды жастардың қолында. Әскери борыштарыңызды абыроймен өтеп келулеріңізге тілекшімін, – деді Нұрбол Қуантқанұлы.
Келесі кезекте ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, ауған, тәжік-ауған соғысының ардагерлері мен ата-аналар да ізгі тілектерін білдірді.
Шара соңы концерттік бағдарламамен түйінделіп, Отан қорғаушыларымыз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қордай ауданы бойынша шекара басқармасына аттанды.

Нағима Артықбаева,
Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті
тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының инспекторы

Comments (0)
Add Comment