Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты карантин жағдайы енгізілгендіктен, халықтың біраз бөлігі үйде болды. Дәл осы кезеңде ұтыс тігу бұрынғыдан бірнеше есеге көбейіп, халық 1xbet, parimatch компанияларының есігін күзетті. Kznews.kz сайтының тілшісі ұтыс тігіп, құмар ойынға берілген Санжар Төленов (кейіпкердің есімі өзгертілді) атты жігітпен сұқбаттасқан болатын.
— Бұл әлемге қалай келдіңіз?
— Адам баласы өмірге келген соң міндетті түрде бір затқа деген махаббаты немесе сол затты қалауы белгілі бір дәрежеде болады. Ол ақша, үй немесе көлік болуы мүмкін. Ал мен мойындаймын, ақшаны қатты жақсы көрдім. 10-11 сынып оқып жүрген кезде осы ақшамен байланысым ерекше болды. Өйткені сол жылдары қабырғаға теңге лақтырып, бір-бірімізбен жарысу сәнде еді. Балалардың бәрі ойнайтын. Әрқайсысымыз теңге лақтырамыз, оны бір адам ұтып алады. Сондағы ұтып алатынымыз 20, 50, әрі кетсе 100 теңге. Бірақ сол жылдары теңге құнды болды. Біз процестен лаззат алдық. Тіпті, сабақтан қалып ойнайтынбыз. Бұл – ойынның бір шеті. Байқап қарасам, теңгеге деген құмарлық сол кезден бастау алған екен.
Мектеп бітіргеннен кейін жаңа ортаға келдім. Оларды жамандамаймын, олар құмар ойынға қарсы болды. Бірақ деген де болады ғой. Олар мені түзете алмады. Мен «азартқа» берілдім. Құмарлық оянғанда оны тоқтату қиын, көзіңді шел басады. Есіңді жиғаныңда оларға үлкен көлемде қарызға кіріп кеткеніңді білесің. Қиын…
Әлеуметтік желіден фильм қарағанда, спорт ойындарын көргенде алдыңнан 1xbet, parimatch деген компаниялардың жарнамасы шығады. Олар «Бүгін тіркел де, ақша ұтып ал» деп адамды шақырады, қызықтырады. Тіркелесің, көресің. Бастапқы мақсат – ойнау емес, көру ғана. Ақша ұтсам, тіпті, жақсы. Олар саған 2 мың теңге береді. Алайда шарт бар. Ол ақшаны аласың, алайда аккаунт ашып, оған өзің мың теңге салуың керек. Сол кезде саған 2 мың теңге бонус түседі. Сонда сенде жалпы 3 мың теңге болады. Оны терминалдан шығарып ала алмайсың. Бонусты міндетті түрде басқа бір ойынға тігуің керек. Ол ақша болған кезде ғана шығарып алуыңа рұқсат. Система ғой. Сөйтіп бонусты кез келген командаға тігесің. Ол команда ұтса да, ұтпаса да ойынға жайлап есің кете бастайды. Бұған дейін мүлдем қарамаған тенниске дейін көріп кетесің. Ұтылып қалсаң да, тағы мүмкіндік болғанда ұтатын едім деген бойыңда кішкене сенімділік пайда болады. Бұл жерде бонусты ғана жоғалттым. Одан бөлек мың теңгем бар. Соны басқа ойынға тігемін. Бір ойым – «Тағы бір рет көрейін. Осы жолы жолым болар» десе, енді бірі – қажет емес дейді. Қысқасы нәпсімен күрес осы жерден басталады. Нәтижесінде ұтасың немесе ұтыласың. Ұтсаң тағы да ойнайсың. Шүкір ету жайында қалады. Мақсатың – кеткен бонусты қайтару. Ал ұтылсаң, «сен мың теңгеңді ұтылып қалдың» деген ой болады да, ертесіне немесе бірсігүні тағы ойнайсың. Ол ақшаны қайтарып алуың керек. Осылайша бұл әлемге де келіп қалдық.
Ешқашан да ұтыламын деп ақша тікпейсің. Ойыңда тек қана «ұту» болады. «Ұтылып қалсам не болады?» деген сұрақты өзіңе мүлдем қоймайсың. Алайда бұл жерде позитив ойың ешқандай көмегін тигізбейді.
— Ең алғаш рет ойынға ақша тіккен сәтіңіз есіңізде болар…
— Жұмысқа тұрған кезім. Бастапқыда күніне 100 теңгеден ойынға тіксем, енді айлығым бар, көбірек тігетін болдым. Бірінші айлығым түсті. 130 мың теңге. «Ақшаны не істеймін?» деп өзіме сұрақ қойдым. Үйдегілерге беремін, қалғанын өзім жаратамын деп ойладым. Сосын «үйдегілерге бермей сәл шыдай тұр. Ақша сенікі ғой» деген ой келеді. Баяғыдай 100 теңге емес, 500 теңгеден тігіп бастайсың. Ұтылсам да ештеңе етпейді, айлық бар ғой. Бірде – ұтасың, бірде – ұтыласың. Кезектесіп тұрады. Арасында көп ақша ұтып аласың. «Бүгін қанша ақша тіктім?» деп есептемейтін деңгейге жеттім. Тамақ, шай, ұйқы, жолдас жігіттермен жолығу – бәрін ұмытасың. Күнің ақша – ойын – ақша. Жалпы осы режиммен өтіп жатыр. Содан күнделікті ойынға тігетін ақшаң өсіп отырады. 100 теңге тігіп жүрген өзімнің қалай 20 мың теңге тігіп жібергенімді білмеймін. Өйткені бойыңда азарт бар. Шыға алмайсың. Шығайын десең жеңілген ақшаларың есіңнен кетпейді, сол ғана ұстап тұр. «100 мың теңге ұтылдың. Шығарып аласың» деген ой келеді. Сен соны қайтарып аламын деп тағы да ақша тігесің. Осы ақшаны ұтып аламын да, тоқтатамын деп ойлайсың. Ол – өтірік әңгіме. Біріншіден, ұтпайсың. Екіншіден, ұтқан күннің өзінде қайтадан ойнайсың.
— Бір рет болсын жеңіп көрдіңіз бе?
— Иә, кейде қоржын майланады. Бірде 800 мың теңге ұттым. Бірақ ұтылған ақшаны, бүкіл қарызымды есептесем, одан 2 есе көп. Бұл ойынның ең жаман жері – отбасыңды ұмыттыратыны. Ешкімді ойламайсың, есің ойында ғана. Санаңда «Бүгін кім ойнайды?», «Ертең кім ойнайды?», «Қазіргі есеп қандай?» деген сұрақтар ғана тұрады. Былайша айтқанда өмір сүруді тоқтатып, ойын әлемінде жүресің ғой. Айына бір рет қана беретін 130 мың теңгені 1 күнде жоқ қыласың. Ондай ақшаның саған күнде емес, айына 1 рет қана келетіні бар.
Содан мен «Заим» деген жүйеден ақша алуды бастадым. 0%-бен ақшаны береміз деп сан соқтырады. Қарызды төлемесең, ата-анаңа, бауырларыңа хабарласып сенің қарыз екеніңді хабарлайды. «Бермесеңіздер, үйлеріңізді тартып аламыз» деп қорқытатындары бар. Олар уақыт береді. 2 апта, 3 апта дегендей. Уақыт жақындағанда тыпырлап кетесің. Қайтаратын күнге 3 күн қалды. Бірақ беретін ақшаң жоқ. Ойнайын десең, оған да ақша жоқ. Заимнан алған ақшаны осыдан 1-2 апта бұрын ұтылғаның бар. Не істейсің? Кредит бермейді. История дұрыс емес. Қазақстанда заим беретін 30-50 шақты компания бар. Әрине, солардың екіншісінен қарызға ақша аласың. Үйдегілер білмейді. Оларға айтпайсың. Сөйтіп қолыңда бар ақшаны қайтадан ойынға тігесің. Сонда «2 заимды да жабасың, пайданың астында қаласың» деген ой арбайды. Былайша айтқанда жеңіл жолды таңдап тұрмыз. Ұтсаң, қарыздарыңды жабасың. «Ұтпасаң ше?» деген ой келмейді. Ұтқан күннің өзінде тағы ақша тіккің келіп тұрады. Тағы ойнайсың. Ұтыласың. Бітті. Тағы солай төртінші, бесінші заимнан ақша аласың. Солай жалғаса береді. Берсе, ала бересің. Ең соңында 15-20 заимнан қарызға ақша алған боласың. Келесілері саған бермейді.
— Ұтысқа ең көлемді тіккен ақшаңыз…
— Қателеспесем 580 мың теңге. Ұтылып қалдым.
— Сол шаққа қайта барсаңыз тағы да ойнар ме едіңіз?
— Сол шаққа барсам, қайта ойнамас едім. Маған, тіпті, «күніне ақшаны өзім беремін, ойнап тұрсаң болды» десе де, қайта ойнамас едім. Себебі ол жақтың уының да, балының да дәмін татып көрдім. Бірақ уының дәмі балдың дәмінен асып түсті. Оны өзім ғана емес, отбасым да татқан соң, ауыр болды.
Бір күні бұл оқиға туралы ата-анам білді. Олар мені ұрмады, жайлап түсіндірді, ақылын айтты. Ал сен түсінбейсің, олар саған жамандық ойлайтын адамдай көрінеді. Ойың «ақшаны қайтарып алып, үйдегілерге дәлелдеу» дегенге келеді.
Ата-анам ауыр қабылдады. Бірақ қазіргі күніме шүкір етемін! Ата-анамның сол кезде қолдағанына, маған сенгеніне алғысым шексіз! Ол кісілер болмаса, мүмкін қазір далада қаңғырып жүрер ме едім?! Бұл – Алладан келген сынақ болды. Ата-анаммен бірге бұл сынақты еңсердік. Бәрі Алланың қалауымен!
— Қазіргі жағдайыңыз қалай? Толыққанды қойып кеттіңіз бе?
— Қазір ұтыс тікпеймін. Тіпті, атын естігім келмейді. Бірақ қолыма, банк картамда ақша ұстап жүруге қорқамын. Үйдегілер де уайымдайды. Ақшаң болған сайын тағы бола бергенін қалайсың ғой. Сол ой қайтадан ойынға құмар ете ме деп қорқамын. Бірақ шүкір! Оңым мен солымды ажыратып қалдым. Ол жолдың жаман екенін білемін ғой. Екінші жағынан дінге бет бұрғаным бар…
— Осы күнге дейін ойынға қанша ақша тіктіңіз?
— Осы күнге дейін ойынға 6-7 миллион теңге тіксем, жалпы шығын 12-15 миллионға жақындады. Заим, кредит, қарыздарды қосқанда. Анығын білмеймін. Бұл – 3 жылда кеткен ақша.
Үйдегілер қалжыңдап қаладан 2 бөлмелі үй алатын ақша кетті деп айтып қалады.
— Қазір не үшін өкінесіз?
— Қазір сол кезде уақытында тоқтай алмағаныма және уақытымның бос кеткеніне өкінемін. Сонымен қатар уақыттан қалғаныма, уақытқа беріліп қойғаныма, ата-анама ауыр соққы тигізгеніме де өкінемін.
— Басыңыздан өткен бұл оқиғаға кімді кінәлі деп ойлайсыз?
— Бәріне өзімді ғана кінәлі деп есептеймін. Ешкімнің бұл шешімге қатысы жоқ. Өз таңдауым болды… Заим беретін компаниялар болмағанда ойынды ерте тоқтататын бе едім деген де ой болады. Десе де өзгені кінәлаудан аулақпын. Одан келіп-кетер ешқандай пайда жоқ. Осы оқиғаның арқасында кімнің кім екенін түсіндім. Бастысы – осы.
— Басқа айтар ойыңыз бар ма?
— Бір сәттік ләззат үшін тәуекелге баруға болмайды екен. Соны түсіндім. Басымыздан өтпейінше көп нәрсені түсінбейтініміз бар. Осы сұқбатты оқып отырған жандардан сұрарым – менің күйімді кешпеңіздер! Өзіңізді басқара біліңіз. Ниетіңіз түзу болсын!