Ақмола облысында ауруханада шығарылған 60 жастағы зейнеткердің денесі даладан табылды. Марқұмның туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, -деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жақындары марқұмды көзі тірі кезінде коронавирус жұқтырды деп ауруханаға жіберіпті. Сөздерінше, әйелдің дерті асқынып 3 күн жансақтау бөлімінде ем қабылдапты. Әрең жаны қалған қарияны, екі аптадан соң жақындарына ескертпестен ауруханадан жалаңаяқ шығарып жіберген дейді олар.
“Айтып тұр туфли аяғында деп. Сол жерде түсіп қалуы мүмкін. Шұлықпен де баруы мүмкін”, – дейді марқұмның ұлы Жәнібек Айдаубай.
Егде жастағы әйелді түс ауа жол жиегінен бірнеше адам байқап қалған. Ал ары қарай не болғаны беймәлім. Енді жақындары Аршалының ауруханасынан шығып, адасып өлген ананың обалы дәрігерлерде дейді. Өйткені, қалта телефонына хабарласа алмай қойыпты. Тіпті, аурухананың өзіне хабарласу мүмкін болмады, деп отыр.
“Айдың 1-нен 2-нен бастап мен енеме хабарласа алмай қойдым. Телефоны сөндірулі. Кезекші дәрігерлерге қоңырау шалдым, біреуге айтыңыздаршы, ол кісі орысша білмейді, телефонын қосып, хабарлассын дедім. Аурухананың қызметтік нөмірі де қосулы болған, кейіннен оны да өшіріп тастады”, – дейді марқұмның келіні Алтынгүл Серікбаева.
Марқұмның мәйіті куәгерлер көрген жерден 700 метр қашықтықтағы талдардың арасынан табылған. Туыстары қайғылы жағдай дәрігерлердің салғыртығынан орын алды дейді. Өзге ауданнан келген, егде адамды ауруханадан шығарып жібергендерін түсіне алар емес.
Оқиға жайлы Аршалы аудандық ауруханасының басшылығы пікір білдірді.
“1961 жылғы науқас 21.08.2021 ж. – 06. 09.2021 ж. аралығында А. Аршалы ауылының коронавирустық инфекциясы стационарында емделген. Қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылып, емхана аумағынан кетіп қалған. Шұғыл түрде денсаулық сақтау жетекшісінің бұйрығымен 09.09.2021 ж. күні оның денесі табылды. Аталған факт бойынша комиссия құрылды. Қазір іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Тексеру нәтижелері қосымша хабарланады. Қылмыстық іс қозғалды”, – деді аурухана өкілдері.
Марқұмның өліміне байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы да, әкімдік те үнсіз қалған.