Бүгінде облыс көлемінде қолда бар мал басын жайып бағуға болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы – 3,6 млн, елді мекендерде – 741,0 мың, орман қоры жерінде 1,7 млн, босалқы жер қорында – 942,5 мың гектар жайылым жер бар. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызына тиесілі. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында өткен баспасөз конференциясында кеңінен айтты.
– Қазіргі таңда мал жайылымы өзекті 42 ауылдық елдімекеннің жайылым жетіспеушілігін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жетіспеушілік 56,7 мың гектарды құрап отыр. Осыны шешу мақсатында ауылдық округке босалқы жер қорынан 22,9 мың гектар елді мекендерге қосылып беріледі. Соған орай елдімекенге қажетті жерлер зерделеніп, мемлекет мұқтажы үшін 36,9 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда. Ал игерілмеген 88,2 мың гектар анықталып, жерлерді қайтару үшін Жер ресурстарын басқару департаментіне тізімдер жолданды. Биылға жоспар бойынша 80,0 мың гектар қайтару жоспарланған еді. 8 ай қортындысымен бұл көрсеткіші артығымен орындалып, 87,5 мың гектар қайтарылды. Мемлекет меншігіне қайтарылатын жерлердің барлығы ауылдық округтерге қосып беріледі.
Жалпы облыс бойынша босалқы жер қорынан осыған дейін елді мекенге 378 мың га қосылып берілді. Осылайша, елдімекен жері 363,0 мың гектардан 741 мың га дейін ұлғайды. Осы арқылы 42 елдімекеннің 25-де жайылым жетіспеушілігі шешімін табады. Алайда, 17 елді мекенде жайылым жетіспеушілігін толығымен шешу мүмкіндігі жоқ. Аталған аудандарда халықтың тығыз және қала маңы аймағына жақын орналасуы, сондай ақ, жалпы жерлердің басым көпшілігі егістік жерлер болуынан шешімін таппай отыр. Жетіспеушілік 29,7 мың гектарды құрап отыр, – деген облыс әкімінің орынбасары 2025 -2027 жылдары жаһандық экологиялық қор есебінен Талас және Сарысу аудандарынан пилоттық жоба негізінде 5,0 мың гектар жайылым жерлер жақсартылатынын жеткізді.