Жайнай бер, жаңарған Таразым!

Биылғы жыл облысымыз үшін табысты болды. Жыл басында қолға алынған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантарлық. Өңірде бірқатар нақты жобалар жүзеге асып, сан салаға өзгерістер енгізілді, кәсіпорындар мен мекемелердің техникалық базасы жаңартылды. Жаңа нысандар пайдалануға беріліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы түзелуде.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Шаһардың шырайын ашатын…

Облыстың 80 жылдығына арналған «Шахристан» этномәдени кешенінде бой көтерген нысандар мен елімізге елеулі үлес қосқан тұлғаларға арналған ескерткіштерді айтпағанда, жыл басынан бері жоспарлы жұмыстардың жүйелі атқарылғанына куә болдық. Мәселен, аумақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылды. Атап айтқанда, бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар» аллеясы болып өзгертіліп, аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары және заманауи субұрқақтар орнатылды. Сондай-ақ аллеяның ортаңғы бөлігінде ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет-кафе бой көтерсе, аллеяға үлкен LED-экран қойылып, жаз мезгілінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Биылдан бастап «Air Astana» компаниясының «Fly Arystan» боингі «Тараз – Алматы» бағытындағы әуе рейсі жұмысын бастаған болатын. Екі қала аралығын небары 40 минутта байланыстыратын әуе ұшағының билет құны 3999 теңгеден басталады. Бір жылда 130 000-нан астам жолаушы тасымалдауды көздеген әуе компаниясы 180 орындық заманауи «Airbus A 320» ұшақтарымен қатынайды.
2018 жылы қалпына келтірілген «Жеңіс» саябағынан биыл «Даңқ» залы ашылды. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарынан сыр шертетін фотосуреттер мен экспонаттар қойылған. Онда майдангер батыр Бауыржанның шығармашылығы мен өмір жолындағы нақты деректер жинақталған. Нысанның басты ерекшелігі – бір жарым миллионнан астам фотосуреттің жинақталуымен соғыс жылдарының шежіресі жасалғандығы. Екі қабаттан тұратын залдың жалпы аумағы – 1500 шаршы метр. Құрылысты мердігер «Жасыл ел Тараз» ЖШС жүргізген. Жоба құны 546 млн 769 мың теңгені құрады.

Жұмысты жылдамдататын жаңа техникалар

Жедел қызмет көрсету топтарының сақадай сайлануы жұмыс базасында арнайы көліктерінің жеткілікті болуымен байланысты. Биыл Төтенше жағдайлар департаментіне жергілікті бюджет есебінен 5 өрт сөндіру автокөлігі және авариялық құтқару жарақтары, су басу қаупі туындаған жағдайда қолданылатын су соруға арналған 7 дана «Мотопомпа», сондай-ақ қарлы және сазды аймақта жол талғамайтын көлік құралы берілді. Аталған техникалардың төтенше жағдайларды алдын алу кезіндегі мүмкіндігі жоғары. Басқарма базасын жаңа қондырғылармен жабдықтауда Полиция департаменті де шет қалмады. Республикалық маңызы бар автожолдарда қызмет көрсететін патрульдік полиция көліктеріне он бірлік «Арқан» мобильді кешені орнатылған. Мобильді кешен облыстың жол-көлік оқиғасы көп орын алатын аумақтарында қызмет көрсетеді, мұнымен қоса автоматтандырылған режимде полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз бақылау жүргізеді. Айта кетерлік жайт, аталған құрылғы республика бойынша облыста алғаш рет қолданысқа енгізілуде. Бұған мамандар құрылғыны кешенді қолданысқа енгізу арқылы жолдағы апаттылық деңгейін төмендетуге қол жеткіземіз деп отыр.
Денсаулық сақтау саласында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 20,1 млрд теңге қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде «Көмек» ақпараттық жүйесін енгізу арқылы жедел жәрдемнің жету уақыты 2016 жылы 18 минут болса, 2019 жылы 15 минутқа қысқарды. Жалпы 4 жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде 122 жаңа объект іске қосылып, ағымдағы жылы 65 нысанның құрылысы аяқталды. Нысандардың соғылу мерзімі 7 жылдан 2 жылға қысқартылып, бюджеттің қаражаты 4,2 млрд теңгеге үнемделді. Шалғай аудандарға алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында ағымдағы жылы облысымызда 315,4 млн теңгеге 46 бірлік санитариялық автокөлік қолданысқа берілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 2 млрд 131 млн теңгеге 587 медициналық техника бірлігі сатып алынған.
Облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның 2011 жылы бастаған жұмыстары толығымен аяқталып, жаңғырған жүйенің жемісін тұрғындар көріп отыр. Бұл – облыстық филиалдың жеткен жетістіктерінің бірі. Облыстағы газ құбырының жалпы ұзындығы 4780 шықырымды құрайды. Оның Тараз қаласына тиесілісі – 1510 шақырым. Жоба «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қарыздық және өз қаражаты есебінен қаржыландырылды. Жаңадан орнатылған полиэтилен құбырлары табиғи-сейсмикалық апаттарға айтарлықтай төзімді екен. Жаңа жүйе тұтынушыларға да, сала мамандарына да тиімді. Газ құбырларының жарамдылық мерзімі 50 жылдан аса уақытты қамтитын көрінеді. Жоба аясында шаһардың жеке сектордағы 899 шақырымды құрайтын газ құбыры ауыстырылды. Аталмыш жобаны іске асыру барысында газбен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілеттілігін 1,5 есеге арттыру мүмкін болып отыр. Соның арқасында бүгінде газ қысымының жеткіліксіздігі мамандарды алаңдатпайтын болды.

Әлеуметтік жобалар мен мәселелер оң шешімін тапты

2019 жылы әлеуметтік салаға 40 млрд 715,9 млн теңге, қала бюджетінің 48,9 пайызы бағытталды. Оның ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарына 8 млрд 308,7 млн теңге қарастырылған. 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында 4 млрд 427,2 млн теңгеге 10946 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде 2861 отбасына 125,2 млн теңгеге тұрғын үй беріліп, 8085 отбасыға 4 млрд 302 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 7337 азамат жұмысқа орналасып, жұмыссыздық деңгейі 5,8%-ға төмендеді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында субсидия тетігі бойынша 2 млрд 708,9 млн теңгеге 51 жоба және кепілдендіру тетігі бойынша 422,9 млн теңгеге 21 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант тетігі бойынша Жастар жылына байланысты республикалық бюджеттен 21 млн теңге, жергілікті бюджеттен 303 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Соның ішінде жалпы құны 109,2 млн теңгені құраған 47 жобаны қаламыздың жас кәсіпкерлері ұтып алды.
Қазір қала маңындағы арақашықтығы 3 шақырымнан асатын шағын аудандарда 2232 оқушыны тасымалдауға 7 мектепке 17 автобус маршруты қатынайды. Осы мектептердегі оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 452-ге өсіп отыр. Осыған байланысты 2 мектепке 2 автобус сатып алуға 28,9 млн теңге қаржы қарастырылды. Облыс деңгейінде бекітілген білім нысандары құрылысының жол картасына сәйкес, «Шалғай Қарасу» және «Барысхан» алқаптарында 600 орындық және «Казарма» алқабында 180 орындық мектептің құрылыстары, сондай-ақ 2021 жылы «Арай» және «Қайнар» алқаптарында 600 орындық мектеп тұрғыз жоспарлануда. Аталған нысандар бойынша қазіргі таңда жобалық-сметалық құжатамалар әзірленуде. Сонымен қатар балабақша мәселесі де оң шешімін тауып, ағымдағы жылы қала бойынша 3-6 жас аралығындағы балалар толықтай балабақшамен қамтылды.
Қала көшелерін жарықтандыру мен электр желілеріне қызмет көрсету жұмыстары тұрақты қамтамасыз етілуде. Жыл басында осы бағытқа 613,4 млн теңге қарастырылған. Қаланың сыртқы жарықтандыру жүйесін модернизациялауды іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жоспарланған. Аталған жобаға мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Everlight Alto» консорциумы әріптес болуға ниет білдіріп отыр. Қаладағы жарықтандырылған көшелердің жалпы саны – 170, бұрылыстар – 50, мөлтек аудандар – 13, тұрғын алқаптар – 5, жалпы ұзындығы 476,82 шақырымды құрайды. Жыл басында 42 қала көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына 1 млрд 551,0 млн теңге бөлінді. Ал 130 көшенің ойдым-ойдым шұңқырларын қалыпқа келтіру жұмыстарына 330,0 млн теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде мектептер мен балабақшаларға баратын 30 көше мен 32 жаяу жүргіншілер жолы қалпына келтірілді.

Заман талабына сай цифрландыру жүйесі

«Open-Akimat», сондай-ақ «Taraz Járdem – 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі халыққа қызмет көрсету жұмыстарын бастады. Бұдан бөлек бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру жүзеге асырылды. Көлік саласын цифрландыру бойынша қаладағы жолаушылар маршруттарының үздіксіз қозғалыс кестелері және жылдамдықтың сақталуы үнемі қадағаланып отыратын online режиміндегі GPS-навигациялауда taraz-bus.kz сайты жетілдірілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы 43 бағыттағы 670 қоғамдық көлікке электронды билеттендіру жұмысын енгізу жұмыстары басталып, 2020 жылы толығымен аяқталады деп күтілуде.
Жоғарыда айтылған мәліметтер қала аумағында атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Келер жылы сан саланы дамытуға бағытталған ауқымды жобалар күн тәртібіне енгізілген. Мұндағы басты мақсат – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеріп, өңірдің экономикалық әл-ауқатын арттыру.

Comments (0)
Add Comment