Жайлы мектептер – жіті назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деген болатын.

Президент жүктеген осы міндет бүгінде Жамбыл облысында жүйелі жүзеге асып келеді. Соның жарқын дәлелі – облыста 2024-2025 жылдар аралығында 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына тиесілі. Ал биылдың өзінде 18 оқу ордасының құрылысы аяқталады деп көзделсе, оның 6-ы аталған жоба аясында бой көтеруде.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылының қарсаңында құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарының жұмысымен танысып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Аймақ басшысы әуелі Байзақ ауданы мен Тараз қаласындағы бірқатар жаңа білім ошағының құрылыс алаңында болды.
Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы аяқталған. Бүгінде пайдалануға беру бойынша тиісті шаралар атқарылуда.
Ал Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 3 білім беру ұясының, оның ішінде екеуінің құрылысы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша жүзеге асуда. Мектептің екеуі 1 200, біреуі 2 000 балаға шақталған. Ағымдағы жылы аталған аумақтағы бір мектепті қыркүйек айында, қалған екеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ «Бәйтерек» ықшамауданында Ұлттық жоба шеңберінде салынып жатқан 1 200 балаға арналған мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары 65 пайызға орындалып отыр.
Ербол Шырақпайұлы аралау барысында жауаптылармен арнайы кеңес өткізіп, құрылыстардың сапасына жіті көңіл бөліп, білім нысандарын мерзімінде тапсырудың маңыздылығын ескертті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясындағы және барлық білім нысындары құрылыстарының сапасы басты назарда болуға тиіс. Оларды инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету маңызды. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдаулар көрсетіледі, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Құрбанәлі Шахабай 

Comments (0)
Add Comment