Түркістандағы 10 жасар Рамазанның өліміне марқұмның туыстары мектепте әлімжеттік көрсеткендер кінәлі десе, оқу ордасындағылар оқушының талмасы ұстап қала беретін аурумен бұрыннан ауырған деп айтып отырған көрінеді. Қара жамылған отбасы тергеудің әділ жүруін талап етіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістанда 12 қазанда №18 мектеп-гимназияда оқып жүрген 5-сынып оқушысы көз жұмды. Он жасар Рамазан Жақыпбектің туыстары ұлдары әлімжеттіктің құрбаны болғанын айтады.
Әжесінің айтуынша, алғашында немересі сыныптасынан таяқ жегенін үйіндегілерден жасырған. Тек соңғы сәтте әжесіне сыныптасы ақша сұрап, тауып бере алмаған соң мектеп дәретханасында соққыға жыққанын жеткізген.
«Сыныбында «атаман» бала бар екенін, ол тек менің немерем емес, өзге де балаларды ұратынын біз өткен аптаның ортасында білдік. Whats App-та ата-аналар мен сынып жетекшісі отыратын топ бар. Сонда бірнеше ата-ана сыныптағы жағдайды айтып, дабыл қаққан. Алайда сынып жетекшісінен ешқандай кері байланыс болмады. Немерем Рамазан мектепте құлап қалғанын, соның салдарынан белі ауырып жүргенін айтты. «Шыныңды айт, сені ұрған жоқ па?» деп сұрағанымда жасырды. Сенбі, жексенбі күндері ауырсынуы күшейе түсті. Балам ашуланғыш боп кетті. Дүйсенбі таңертең сабаққа барарда «жайдан жай ауырмайсың ғой, шыныңды айт» деп тағы сұрадым. Сол кезде аяқ-қолы дірілдеп «Мені дәретханада ұрды ғой, сұраған ақшасын тауып бере алмадым» деп жылап жіберді», — деді марқұм оқушының әжесі Гүлнәр Маханова.
Түркістандық әжей немересін алып сол күні мектепке барған екен. Алдымен мектептің медбикесіне жолығып, мән-жайды айтқан. Ал ол баланы қарамастан бірден директор орынбасарына апарыпты. Ол жерде мектеп психологы да болған екен.
«Мектептегілерге болған жағдайды айттым. Сыныбында тек менің емес, өзге де балаларды ұрып-соғатын оқушы бар екенін жеткіздім. Олар ұрды деген оқушы мен менің немеремді татуластырмыз деп қайтарды. Балам сабақта қалды. Мен үйге қайттым», — деді Рамазанның әжесі.
Сол күні Рамазан мектептен аяқ-қолы қалтырап, дене қызуы көтеріліп шығыпты. Оны алып кетуге келген ағасы байқаған. Үйге келгенде жаурап, лоқси берген. Кейін жедел жәрдем шақырады. Ондағылар дене қызуын түсіретін дәрі беріп, таңертең міндетті түрде ауруханаға апару керектігін ескертіпті. Алайда 10 жасар оқушының жағдайы күрт нашарлаған. Агрессия танытып, есінен тани бастапты.
«Дәрігерлер келіп кеткен соң да баланың ауырсуына тоқтамады. Нәтиже болмады. Содан пендешілікке салынып, түн ішінде молдаға апардық. Ол кісі қарап шығып, дереу дәрігер шақырып, тыныштандыратын дәрі салдыру керектігін айтты. Үйге келдік. Жедел жәрдем келгенде баланың дене қызуы 40-қа көтерілген. Олар ауруханаға алып кетті. Бәріміз аурухана сыртында күтіп тұрдық. Інімнің қиналған дауысы естіліп тұрды. Бір уақытта тынышталды. Дәрігерлер ұйықтап жатқанын айтты. Бірақ көп ұзамай қаралы хабарды ақ халаттылар жеткізді» ,- деді марқұм оқушының нағашы ағасы Сәрсенбек Жақыпбекұлы.
Әжесінің айтуынша, мектептегілер немересін өз ауруынан көз жұмды деп айтып отырған көрінеді.
«Біз жылап-еңіреп, баламызды жоқтап отырғанда, мектептегілер Рамазан бұрыннан әлжуаз болған, талмасы бар аурудан көз жұмды деген әңгіме таратып отыр. Оны үйге көңіл айтып келген туыстарымыздан естідік. Қалай ашуланбайсың? Мен немеремді білім алсын, тәрбие алсын деп мектепке беріп отырмын. Оның өлімі сол мектепте алған соққыдан боларын қайдан білейін? Ботам-ау… Періште едің, балам-ау…», — деді көз жасын тия алмаған марқұмның әжесі.
Рамазанның туыстары мен өзге де ата-аналар мән-жайды анықтау үшін мектепке де барыпты. Алайда мектеп басшысын орнынан таба алмаған. Оны іздеп полиция бөліміне де барғандарын айтады.
«Рамазанды «кастетпен» ұрған екен. Бір сыныптасы дәретханада шалқасынан құлағанын, ал жабылғандар аузынан тепкенін айтты. Тағы бір сыныптас қызы анасына Рамазан сыныпқа аузы қан боп келгенін көргенін айтыпты. Бәрі мектепте болып отырған оқиға. Мұғалімдер қайда қараған сонда? Тура сол күні білім ұясындағы бейнебақылау камерасы не үшін істен шығып қалады? Болған оқиғаны жылы жауып қойғысы келіп жатыр. Тіпті мектептегі әлімжеттікті де жоққа шығарғысы келеді. Директордың орынбасары бәрінің аузын жауып отыр екен. Оны мектепке барған кезде білдік. Сынып жетекшісі ауысыпты. Ол ауысқанымен жағдай өзгере ме? Ертең басқа да ата-ана тура біздің күйімізді кешпесіне кім кепіл береді? Тағы өлім болуы қажет пе? Кінәлілердің бәрі жазасын алса дейміз» — деді қара жамылған отбасы.
Рамазанның анасы Ажар Жақыпбекқызы полицейлерге жұма күні (15 қазан: автор) шағым түсіруге барған. Алайда ондағылар белгісіз себептермен арызды қабылдамапты. Болмаған соң арызын құшақтаған ана облыстық Полиция департаментіндегілерден көмек сұраған.
«Тергеудің әділ өтетініне күмән келтіріп отырмыз. Себебі мектептегі жағдай анау. Сол үшін Мемлекет басшысынан ақ жаулықты ана ретінде көмек сұраймын. Түркістандағылар жоғары жақтан бақылау болмаса, қимылдамай ма деп те күдіктенеміз. Жаны қиналған балам тірісінде кімнің ұрғанын, не үшін ұрғанын шырылдап айтып кетті. Біз ақиқатын білгіміз келеді», — деді шырылдаған әже.
Еске салсақ, Түркістанда мектеп оқушылары сыныптасын ұрып өлтірген. Туыстары оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында ұрып-соққан дейді. Зардап шеккен бала бірнеше күн төсек тартып, ақыры ауруханада көз жұмған.
Оқиғаға қатысты қажетті зерттеулер жүргізіліп, сот-медициналық сараптамасына өткізілген болатын.