Жабайы жарнамаға жол жоқ

Тараз шаһарының шырайын кетірген жарнамалар қаланы көріксіздендіріп тұр. Бірізділіктен ада, түрлі түске боялған суреттер мен мекеменің көше жақ қасбетінен орын алған жазбалар сұрықсыз-ақ. Жергілікті биліктің бастамасымен жабайы жарнама мен жол бойынан орын тепкен жапсырмаларды жою жұмыстары қарқын алды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Көптеген кәсіпкерлер құзырлы органдардың рұқсатынсыз өз мекемесінің көше бетін шимақтап, түрлі жарнамалық маңызы бар суреттер жапсырып, жол жиегіне осы сарындағы бағандар орнатып қойған. Қазіргі уақытта жөнсіз жарнамаға жол бермеу және оларға тыйым салу мақсатында сұрықсыз жарнамасы менмұндалаған мекеме, ғимараттарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң талаптары сақталмаған жағдайда нақты шаралар қолданылады.

– Жарнаманың заңдылығын тексеру үшін мониторинг тобы құрылды. Ол қалада заңсыз жарнаманың таралуына жол бермеу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрықсыз суреттер ілініп, жабайы жарнамалар жапсырылған мекемелерді анықтайды. Қазіргі уақытта 150 кәсіпкермен жұмыс жүргізілді. Басшылық тарапынан тиісті шаралар қабылданды, – деді Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Аслан Шілдетай.

Кейбір кәсіпкерлер түсіндірме жұмыстарынан кейін жарнамалық белгілерді алып тастаудан бас тартқанымен, жарнамалық плакаттарды алып тастауға үш күн уақыт берілді. Қаламыздағы орталыққа жақын Абай көшесінің көптеген ғимараты жарнамадан көз ашпайды. Түрлі баннерлер ілініп, қала көркін бұзып тұр.

– Өз кезегінде жарнаманы таратудан, пайдаланудан және орналастырудан туындайтын мәселелер 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Жарнаманы ескертусіз орналастырғаны үшін ӘҚБтК-нің 463-бабымен реттелетін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға 15 АЕК-ке тең, ал шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйымдардың лауазымды адамдарына 25 АЕК мөлшерінде, – деді Тараз қаласы прокуратурасының прокуроры Абай Тәжбен.

Comments (0)
Add Comment