Жақсылық жаса адамға!

Қазақта «Қайырымды адамдар суармалы жер іспеттес, алғанын сан есе арттырып қайырып береді» деген қанатты сөз бар. Ойлап қарасаңыз, онысы бостан-бос емес, текке айтылмаған сөз. Біреуге жасаған жақсылығыңыз, ізгілікті ісіңіз, жәрдем-көмегіңіз ерте ме, кеш пе қайтып оралады. «Алғыспенен ел көгереді, жауынменен жер көгереді». Адам бұл дүниеге жақсылық нұрын себуге, басқаларға қайырымдылық жасауға келеді.

«Адам бойындағы қандай қасиеттерді қадірлейсіз?» деген сұраққа қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: «Адамдық пен қайырымдылықты. Бұл екеуі бар кісіде қиянат болмайды», – деп жауап беріпті. Асылы, жоқтан барды құрастырып, бардан байлық жасайтын рақымы мол азаматқа жаманшылық жоламайды.

Тәжірибелі, білімді де білгір дәрігер – бағасы жоқ таптырмас нағыз құнды маман. Өйткені денсаулықтан артық бұл жарық дүниеде қазына-байлық жоқ. Атақты голландиялық суретші Ван Гог ағасына жазған бір хатында ағынан жарыла былай деп жазыпты: «Менің ойымша, мен ақшамен бай болмасам да, өзімнің қарапайым еңбегімнен жүрегім мен жанымды рахат сезімге бөлейтін, сөйтіп, өз өнерім қабілетімді қамшылап, шабытымды шалқытып, өмірімнің мәнін арттыра түсетін сәттерді күнделікті болмаса да, жиі сезінемін». Байқап отырсаң, шынында да, барлық нәрсе дүниемен, байлықпен, ақшамен есептелмес болар. Ең басты қымбат қазына – ол адамның өзі атқарып жүрген еңбегінің басқаларға пайдалылығын сезініп, рахатқа бөленуі. Дәрігер күректеп ақша таппаса да, өз еңбегінің, білімінің арқасында сырқаттарды жанына батқан ауруларынан айықтырып, олардың өмірін ұзартуға себепкер болып жатқанына іштей риза болып қуанады, жүрегі жылып, жаны семіреді. «Қай жаққа беттеп бара жатқанын сезінген адамның алдында әлем жарқын жолын ашады» дейді шығыс даналығы. Сондықтан дәрігер мамандығын таңдар алдында кім болса да әбден ойланып, толғанып, адамдарды ұнататын, дәрігердің ауыр еңбегін терең ұққан жандар ғана сол салаға барғанын қалар едік. Адамдарды сүйген адамдар ғана жақсы дәрігер бола алады.

Кейде «Медицинаның символы неге табақ пен жылан?» деген сұрақ қойылады. Табақ дәрі сақтайтын ыдыс екені белгілі. Ал енді жыланның медицинаға қандай қатысы бар? Ол туралы грек халқының мынадай аңызы бар: Дәрігерліктің құдайы Асклепий ұзақ жолда келе жатып шаршап, демалуға жерге отырады. Қолындағы таяғын жерге қадап, бір сәт жантайып жатқан жерінде қалғып кетеді. Ысылдаған дыбыстан шошып оянған Асклепий көзін ашса, оның таяғына өрмелеп бара жатқан жыланды көреді. Қорқып кеткен Асклепий жыланды өлтіріп тастайды. Сол кезде аузына әлдебір көк шөп тістеген басқа бір жылан жер жорғалап келіп, оны әлгі өліп жатқан жыланның аузына салады. Сол-ақ екен өлі жыланда жан пайда болып, жорғалап қалың шөп арасына кіріп кетеді. Сол құбылысқа куә болған Асклепий жаңағыдай бірнеше шөпті жұлып алып, емдікке қолданып, өлген адамдарды тірілтіпті. Бұл тәсіл кейін медицинада кең пайдаланылып, сандаған адамдарды ажалдан арашалап қалыпты.

Қазақтың ұлттық академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтбаевтың қызы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қаниса Қанышқызы дәрігерлік мамандық туралы былайша толғанады: «Алғашқы дәрісімнен бастап өз шәкірттеріме медицина қызметкерлерінің еңбегі әрі құрметті, әрі жауапты екендігін әркез айтып отырамын. Мен үшін бұл – бұлжымас заңдай. Екінші бір есте ұстар мәселе – бұл салада білімге үстірт қарауға болмайды. Дәрігер боламын деген адамның институтта жүрдім-бардым оқуына жол жоқ. Өйткені өмір мен өлімнің белдесуінде кімнің жеңіске жететіні көп жағдайда дәрігердің білімі мен білігіне байланысты. Ол қандай қиын жағдайға тап болса да, асып-саспай өз парызын өтеуге, адам жанын аман алып қалуға тиіс. Міне, осындайда дәрігердің мамандығы бойынша жинақталған тәжірибесінің мәні аса зор болмақ».

Менің ойыма өзінің дәрігерлік қызметін жанындай сүйетін, оның мүддесі үшін алдындағы ішіп отырған асын жерге қоятын абзал жандар жиі келеді. Солардың бірі Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі болған, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас ангиохиругі, «алтын қолды оташы» атанған, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Уалихан Әбуұлы Жақыпов болатын. Ол сонау студенттік шағынан еңбекке ерте араласып, ғылыми орталықта санитарлық қызметтен бастап, елімізге белгілі қолы шебер ғалым-хирург, жаны жайсаң, көңілі жарқын, көпшіл, азаматтық қасиеті жоғары азамат ретінде елдің есінде қалды. Жұмыс десе жанып тұратын қарапайымдылығы мол, білгір дәрігер еді. Ол қандай қиындықтан болмасын сәтті жол тауып, ерінбей-жалықпай, асықпай операцияны сәтті аяқтап шығатын. Операцияда 4-5 сағат аяғымен тік тұрып, жаны қиналып шыққан кезде маңдайындағы қара терін сүртіп, латын тілінде: «Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім, басқалар жақсы жасай алса, қолға алсын» («Я сделал все, что мог, пусть сделает лучше кто может»), – дейтін. Сол азамат басқаларды ажал тырнағынан арашалап жүріп, өзі ауыр жазылмас дертке шалдығып, 2008 жылы 60 жасқа жетпей-ақ о дүниелік болып кете барды… Оның жиі айтатын әлгі «Feci, quod potui, faciant meliora potentes» деген қанатты сөзі Алатаудың бөктеріндегі Кеңсайдағы зираты басындағы мәрмәр тасқа қашалып жазылыпты.

Иә, дәрігердің қызметі солай – біреулерге барлық білімі мен күш-қуатын сарп етіп, «Светя другим – сгораю сам!» дегендей, өзге жандарға денсаулық, қуаныш, бақыт, өмір сыйлай жүріп, кейде өзі қалай сөніп қалғанын білмей де қалады. Бірақ олардың адамдық жарқын бейнесі, көпшілікке атқарған игілікті істері көптің көңіл-жүрегінде, халықтың ойында қалады, әріптестерінің ардағына айналады.

Ғұлама әл-Фараби: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып екеуі біріккенде, біз өз бойымыздан әрі өз әрекеттерімізден абзалдық пен жетілгендікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгілікті, қайырымды боламыз», – депті. Осы асыл қасиеттерді көптің бойынан тауып жатсақ, несі артық?!
«Ұлтқа қожалық жасауға болмайды, оған тек қызмет ету керек» деп Мұстафа Ататүрік қалай тауып айтқан. Адамдардың алдында ары таза болып, елге беріле қызмет ету қасиеті бастықтың да, байдың да, шенеуніктің бойынан табылып жатса, қандай ғанибет!

Халықтың құрметі жеке адамның кірес-кірес ақшасына, асып-тасыған байлығына, өзіне әсем етіп салдырған үй-сарайына, шектен тыс сән-салтанатқа сатылмайды. Оған құрмет туған еліне, халқына, қоғамға сіңірген адал еңбегіне, көпшілікке жасаған игілікті ісі мен шынайы жақсылығына, адами қасиеттеріне қарап көрсетіледі. Өзі аспанда, ойы төменде жүрген адамнан өзі төменде, ойы аспанда жүретін азамат артық. Ондай жанды жалпы ел сыйлап, абырой мен атаққа бөлейді. Халық құрметі ақшаға, байлыққа сатылмайды. Бұл – өмір шындығы.

Ұлы Абай өзінің он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түйеді. Шындыққа жүгінсек, бұл сөздің барлығы рас. Адам басқа жаннан ой өрісінің кеңділігімен, дүниетанымының тереңдігімен, ақыл-парасаттылығының молдығымен, басқаларға деген ізгі қайырымдылығымен, көпшілікке жасаған жақсылығымен айрықшаланады. Бірақ, өкінішке қарай, өмірде әрдайым ондай емес…

Қазіргі қазақтың белгілі жазушыларының тобында жүрген қарымды қаламгер Несіпбек Дәутайұлының соңғы шығармасының бірі «Өнеш, Комбинатор және алжапқыш» («Жас алаш», 12.02.2009) деп аталады. Бұл – туынды көңіл аударарлық ерекше шығарма. Жанр жағынан әңгіме детективке жақын тұр. Несіпбектің бұл әңгімесін оқып отырып, қазақ ұлтының басынан өткерген қилы-қилы оқиғаларды, ауыр кезеңдерді еске аласың.

Әңгіменің басты кейіпкері – ауылдың ауыр тауқыметін көріп, кіріптарлыққа ұшырап, амалсыздан үлкен қалаға жұмыс іздеп келген Өнеш есімді жас жігіт. Ол жұмыс іздей жүріп қаланың ештеңеден тайынбайтын аферист-ұры, алаяқ, сужұқпас қуларының бірі Комбинатордың «құрығына» ілінеді. Қазақи ауылда қулық-сұмдықты білмей, аңғал өскен Өнештің аңқаулығын, қарапайымдылығын пайдаланып, пысықай Комбинатор оны өзінің пасық ісіне – қалталылардың үйлерін тонау кәсібіне машықтандырады да, оны өзінің тез баю жолына аяусыз қолданады. Ертеңінен үміт күтіп, «мына тапқан мол табысымды ертең ауылдағы ағамның жетім ұлдары мен жеңгеме апарып беріп қуантамын, оларды бақытқа кенелтемін» деп тәтті қиялға беріліп жүрген Өнешті кезекті бір пәтерді үптеу үстінде үй иесінің тайыншадай азулы иті «шайнап», қызыл қанға бөктіріп, мерт қылады. Оны жазушы былайша суреттейді: «Діттеген пәтерге (Өнеш – С.О.) де келді. Есіктің құлпын оп-оңай сырт еткізген. Сосын алжапқышты алдына жайып ұстап, есікті ашып, ішке кіре берді. Көзі тас төбесіне шыққан шымқай қара төбет арс етіп, қарғып келген бойы қалпақтай түсіріп, дәл мойнынан ала қауып жіберген. Көз алдында дүние қан көбелек ойнады… Соның ар жағынан өзіне қарай ботадай боздап жүгіріп келе жатқан жеңгесін, ағасының үш баласын, сәл әріректе әпкесін көргендей болды. Сосын өзін төбеттің аяусыз талап жатқанын сезді…».

Ал Комбинатор болса, әдейі «қайғылы оқиғаны» алдын ала жоспарлап, Өнештің бұл «тапсырмадан» тірі қайтпайтынына көзі жетіп, дәл сол кезде бүйірлі сөмкелерін ауыз-мұрнына дейін жасыл долларларға толтырып, әуежайда шетелге ұшуға дайындалып, барлық ұпайы түп-түгел, көңілі шалқып, кеудесі күмбірлеп, масайрап отырады…

Сөйтіп, әңгіме оқиғасы аяқ астынан күрт үрейлі, тосын оқиға – трагедиямен аяқталады. Әңгімені оқып болып, қазақтың Өнеш секілді мына құйтырқы, сұрқылтай өмірде тәжірибесіз, қарапайым, аңқау жандарға жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Қысқарта түйгенде, бұл әңгіме қазіргі күндері қоғамымызда жүріп жатқан күрделі процестің шынайы шындығы, тіпті жанайқайы деп ұққаныңыз ләзім. Маған кейде қазіргі қоғамымызда өзінің баю жолында ешкімді аямайтын (тіпті туған әкесі мен анасын да!), жалпақ дүниені белшесінен басып, арын сататын жандар көбейе түскендей болады да тұрады. Кейбір ішмерез мінезді қазіргі жастар үлкендерді сыйлаудан қалып барады. «Әй, соларды қойшы, олар жасарын жасады, асарын асады» деп алдыңғы буын ағаларын менсінбей, өркөкіректеніп, өктем сөйлейді. Бәзбіреулері көптің көңілін жаралайтын қылықтар жасайтынын байқайсың. Олай десек, олардың да күндердің күнінде күндері өтер, қарттық келіп жетер. Сонда кезінде өздері қарттарға жасаған қиянаты, дөрекі мінезі алдынан шықпас деп ойласыз ба?

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген шағын әңгімесінде оқушысын терең ойға қалдыратын мынадай мәнді сюжет бар.
…Ертеректе, орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста бір орыс азаматы жергілікті башқұрттардан жекеменшікке жер сұрайды. Сонда башқұрттың сұңғыла ақсақалы: «Мен анау көрініп тұрған төбе басына шығып қарап тұрам. Кешке дейін қанша жерді айналып өтесің, соның барлығы сенің жекеменшілігіңе өтеді. Бірақ, есіңе ұста, бір шартымыз бар: күн ұясына отырмай тұрып біз отырған төбеге келіп жетуің керек. Жете алмасаң, өз обалың өзіңе, онда саған жер жоқ», – депті.
– Келістік, мен онда кеттім. Тек, сіз сөзіңізде тұрсаңыз болды.

– Ал, жүгір, жігітім. Күн ұясына батқанша әлі талай уақыт бар…

Әлгі жер сұраған жігіт жүгіре басып, аяғы аяғына тимей зырлап тез-ақ бел асып кетеді. Қанағатты ұмытқан ол көбірек жерді қамтымақ болып, қара терге түсіп, бірнеше өзендерді кешіп өтіп, көлдерді айналып, дала мен орман-тоғайларды артына қалдырады. Бір мезетте аспанға қараса, күн дөңгеленіп көкжиекке тақап қалыпты. Оны байқап, жаны қысылған жігіт екі өкпесін қолына алып, көз ұшында қалған төбеге қарай құстай ұшады. Бірақ, қайдан, межелеген төбе жеткізер емес. Төбе басына жиналған башқұрттар қиқулап, қалбақтай жүгіріп, жаны қысылғаннан қара суық терге малынып, өкпесі өшкен орысты келеке-мазақ етеді. Күн ұясына бата бергенде бойынан әбден күш-қуат кетіп, шаршап-шалдығып, өлдім-талдым деп төбе етегіне жеткен бейбақ мұрттай ұшып түседі де, сол жерде жан тәсілім етеді. Башқұрттар қанағатсыз ақымақты сол төбе етегіне ұзындығы екі, ені бір метр жерге көмеді…

Жазушы өз әңгімесінің түйінінде «Адамға қанша жер керек?» деп ащы мысқыл сұрақ қояды.

Иә, Құдайдың құдіреті, тойымсызды қорлау, дүниеқоңыздықты, қорқарлықты, қанағатсыздықты суреттеу осындай-ақ болар. Ойлап отырсаң, бұл – барлық тойымсыздарға, қомағайларға, дүние-байлық қуғандарға айтылған ауыр қарғыс! «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайды» немесе «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» демейтін емес пе еді халық мұндайларға.

«Ай толғанын білмейді, жігіт болғанын білмейді». «Болдым, толдым, байыдым!» деп орынсыз кеуде қағып, кердеңдеп, байлықтың буына кекірген адам ешқашан абырой-мұратқа, құрметке жетпейді. Кім болма, қандай болма, елден өзіңді жоғары ұстамай, не заман болса да халықпен бірге болғанға не жетсін, шіркін! Көпшілік қана адамды көркейтіп, биікке көтереді, абырой мен алғысқа бөлейді.

Таяуда қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың естелік кітабын оқып отырып, оның мына парасатты сөздеріне көңіл аудардым:

«…Мен бірде-бір адамның, мейлі ол кім болмасын, қай ұлттан болсын, меселін қайтарып көрген емеспін. Үміттің аяқасты болуынан артық қорлық жоқ. Жердің үстімен келіп, астымен қайтқаннан асқан азап болмайды. Жақсылығыңды адамға жаса, сол үшін жаса, сол үшін елдің сенген тізгінін ұстап отырсың. Күнде жұмысқа келе жатқанда, осы ой жетелеп кеп табалдырықты аттаттырады», – деп жазған екен заманының дүлдүлі, бекзат Д.А.Қонаев. Осы дана сөздерді оқып отырып, еріксіз ойға берілесіз: осындай ұстам қазіргі билік тақта отырған бәзбір шенеуніктердің бойынан табыла бере ме екен? Қайдам, менің оған күмәнім мол…
Көп жылдар бойы жер аударылып (1790-1797 жж.), айдауда болған орыс революционері А.Н.Радишевтің «Қазақтың ең басты қасиеті – ерлік, адамгершілік, жақсылық жасау» деген сөздері тарихтан белгілі. Жаратылысынан жайсаң, көсілген даласындай дархан мінезді, нар тұлғалы қазақтың пейілі әрдайым кең болғанын орынды мақтан етеміз. Әлі де тарыла қоймас деген ойдамыз. Белгілі жазушы Виктор Гюгоның өз заманында адамзатқа арнап «Қайырымдылық жасауға асық!» («Спешите делать добро!») деген жанайқайы әлі де құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан қолдан келгенше біреуге жақсылық жасауға, қиналғанға қол ұшымызды беруге, қайырымдылық көрсетуге әрдайым асығып тұралық. Өзге біреуге жасаған жақсылығың ертең өзіңе, ұрпағыңа қайтып оралатынын естен шығармайық, қадірменді ағайын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Comments (0)
Add Comment