Жағдай тұрақталып келеді


Өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты баспасөз конференциясы өтті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Онда Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов облыста тіркелген деректер мен атқарылған шаралар жайында баяндама жасады.

Соңғы деректерге сүйенсек, облыс бойынша жұқпалы індет жұқтырған 3863 адам тіркелген. Бұл көрсеткішті 100 мың тұрғынға шаққанда ауру саны 318,4 пайызды құрайды. Осылайша, тәулігіне сырқаттанған адамдар саны 1,3 пайызға (47 жағдай) жеткен. Оның ішінде 1589 науқас симптоммен, ал 2094 адам симптомсыз ауырып, инфекциялық стационардан 3004 азамат сауығып шыққан. Баспасөз конференциясында облыстың бас дәрігері Марат Жұманқұлов індет жұқтыру деңгейі төмендеп, қажеттіліктердің орны толықтырылып жатқанын айтты.

             – Облыста коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында жалпы 2030 төсек бар. Шілде айында инфекциялық төсектер 135%-ға (285-тен 670-ке), провизорлық төсектер 158%-ға (430-дан 1110-ға) артты. Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде соңғы аптада, 28 шілде – 4 тамыз аралығында пневмония дерегі 2,6 пайызға төмендеді. «СК Фармация» серіктестігімен бірыңғай дистрибьюторымен дәрілік заттар жеткізу бойынша 13,04 млрд теңге сомасына келісімшарт жасалды. 17 шілдеде дәрілік заттар және медициналық бұйымдар 7,6 млрд теңгеге жөнелтілді. Облыста медициналық бұйымдар мен қажетті препараттар да тиісті деңгейде жеткілікті, – деді Марат Сейітбекұлы.

              Айта кететін ақпар, тамыз айынан бастап вирус жұқтырғандарды тіркеу диагнозына да өзгерістер енген. Нақтырақ айтсақ, науқастардың дерті лабораторияда анықталмаса да, пневмонияның толық клиникалық белгілері болған күннің өзінде жұқпалы індетті жұқтырған болып тіркелуде.

         Байқағанымыздай, соңғы апталарда жағдай біршама тұрақталған. Мәселен, жедел жәрдемге жүгінгендер саны орташа есеппен тәулігіне 1239-ды құрап, салыстырмалы түрде 11,4 пайызға төмендеген. Облыстың бас дәрігері де жүргізіліп жатқан шаралардың барлығы тұрақта бақылауда екенін айтты.

Comments (0)
Add Comment