Бүгін мерекеге орай №15 ықшамаудандағы көпбалалы отбасыларға арналған 5 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев бастаған азаматтар қатысты,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.
Шарада сөз алған аймақ басшысы көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.
– Халықты баспанамен қамту мемлекетіміз қашанда зор маңызға ие. Бұл бағытта облысымызда да қыруар жұмыстар атқарылуда. Биыл облысымыз бойынша 2240 пәтер пайдалануға берілді. Оның жартысынан астамы Тараз қаласында орналасқан. Соның арқасында қаншама жерлесіміз қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенелуде. Бүгінгі айтулы күннің Жаңа жыл мерекесімен тұспа тұс келуі сол қуанышты еселей түсері сөзсіз. Шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмей, баспаналарыңыздың іші тек сәбиге толсын!, – деген Бердібек Машбекұлы баспана иелеріне пәтер кілттері мен техникалық бұйымның сертификатын табыс етті. Келесі кезекте сөз тізгіндеген көпбалалы ана Айгүл Байғашева облыс басшыларына алғысын білдірді.
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қалада қыруар жұмыстар атқарылуда. Әсіресе жыл басынан бері көптеген отбасылар баспаналы болды. Енді бізге де кезек келіп, мереке қарсаңында үйлі болып отырмыз. Бұл біз, яғни көпбалалы отбасылар үшін үлкен сый. Осы күнге дейін төрт баламызбен жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Енді ол күндер артта қалды. Ел игілігі үшін жасалған осындай игі іске ұйытқы болған облыс әкіміне алғысымды айтамын. Жаңа жыл мерекесі әрбір шаңыраққа құт әкелсін! Отбасыларыңызға зор денсаулық, бақыт және табыс тілеймін!,–деді көпбалалы ана.
Үй құрылысын «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Үш бөлмелі пәтерлердің жалпы ауданы 2725, 60 шаршы метрді құрайды.