Жаңа жылдық кештерге рұқсат етіледі. Бірақ шектеу бар

Осыдан бір апта бұрын Алматының бас санитар дәрігері Алматыда Жаңа жылдық корпоративті кештерге түбегейлі тыйым салынғанын айтқан еді. Ал бүгін оның орынбасары Сәдуақас Байғұлов кештерге шектеу қойылғанын, бірақ тыйым салынбағанын айтты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Айтуынша, қазіргі карантин талаптары бойынша, Ashyq объектілерінде бизнес субъектілеріне Жаңа жылдық кештерді өткізуге тыйым салынбаған. Алайда белгілі бір шектеулер бар.

«Келушілер мен іс-шара ұйымдастырушылары, дәмхана (мейрамхана) қызметкерлері «жасыл» статусқа ие болуы керек. Сондай-ақ, Жаңа жыл қарсаңында Алматының қай аймақта болуына (жасыл, сары, қызыл) байланысты, іс-шара өтетін орындарды толтыру нормативі қарастырылған», – деді Байғабылов.

«Жасыл» аймақта – адам саны 50%-ға дейін, 100 орыннан көп емес;
«Сары» аймақта – 50%-ға дейін, 70 орыннан аспауы керек;
«Қызыл» аймақта – 50 орыннан көп емес, 50%-ға дейін толтыруға болады.

Байғабылов Алматының тұрақты түрде «жасыл» аймақта болуы тұрғындарға байланысты екенін атап өтті. Ол үшін белсенді түрде вакцина салдырып, қоғамдық орындарда маска тағып жүру және арақашықтықты сақтау қажет.

«Коронавирустық инфекция бойынша Алматыда жағдай нашарлайтын болса, корпоративтер мен өзге іс-шараларға тыйым салынуы мүмкін», – деді Сәдуақас Байғабылов.

Comments (0)
Add Comment