Жаңа жылда – жаңа стиль

Әне-міне дегенше жыл басы – тышқан жылы тарих қойнауына еніп, 2021 – сиыр жылы есік қағып тұр. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, биылғы жыл қызығымен қатар қиындығымен де келді. Пандемияның салдарынан тұралап қалған саланың бірі – сән. Десе де, дизайнерлер келер жылы трендте не болатынын, қай мезгілде, қандай киім үлгісі сәнге айналатынын болжап та үлгерді. Біздікі саралап, ал таңдау қашанда сіздердің еріктеріңізде, арулар!

Арайлым ШАБДЕНОВА

2021 жыл – Григориан күнтізбесі бойынша аптаның 5-ші күні, яғни жұмада басталады. Кібісе жыл емес. Бұл біздің заманымыздың 2021 жылы, III мыңжылдықтың 21 жылы, XXI ғасырдың 21 жылы, XXI ғасырдың 3-ші онжылдығының 1 жылы, 2020-шы жылдардың 2 жылы болып табылады. 2021 жылдың негізгі түсі кумулус деп аталды. Бұл – тыныштық пен болашаққа деген сенімділік беретін ақшыл-көк түс. Түстің атауы «қазбауыр бұлттар» деп аударылады. Табиғатта мұндай бұлт жылы және ашық ауа райын білдіретіндіктен, кумулус энергиямен толығады және жаңа жетістіктерге күш береді. Сарапшылар жылдың басты тақырыбын қайта жүктеу мен қалпына келтіру деп атады.

« Біз адамдарды осы қиын кезеңдерде қолынан келгеннің бәрін жасауға және шыдамдылықпен алға ұмтылуға шабыттандырғымыз келеді. Көп нәрсе белгісіз және болжанбаған болып көрінгенде, үміт ұялатқымыз келеді, өйткені бәрі біздің қолымызда», – деді «Tikkurila» компаниясы.

Компания түс түрлерін анықтау үшін осындай жобаны 2016 жылдан бері жүргізіп келеді. Голландиялық «Dulux» бояу бренді Brave Ground – «құнарлы топырақ» түсін жылдың түсі ретінде таңдады. «Түс адамдарға демалуға, әсіресе, коронавирустық пандемия кезінде қайта күш алуға болатын мүмкіндік береді» дейді компания.

Талғамда талас жоқ
Дизайнерлер подиумдарға мөлдір матадан жасалған сән үлгілерін енгізді. Енді тек жартылай мөлдір жейделер ғана емес, ұзын-кең кешкі көйлектер, минималистік топтар, ұзын және қысқа жейделер де сәнге айналды. Жартылай ашықтық идеясын классикалық бейнені жасау үшін пайдалануға болатындығын сәнгерлер әр сән көрсетілімдерінде дәлелдеп жүр. Биылғы трендтердің алдын пластикалық киімдер мен аксессуарлар бастап тұр. Сіздің талғамыңызға қарай пластиктен белдемше, аяқ киім, сөмкелер мен тіпті бас киімді де жасатып, болмаса дүкен сөрелерінен сатып алуыңызға жол ашылмақ. Ашықтықты трендке айналдырған сәнгерлер пластиктен кез келген дүниені жасауға болатынын дәлелдеді.

2021 жылдың көктем-жаз маусымында поп-арт стиліндегі жазулар, түрлі логотиптер мен өрнектердің үйлесімділігі, әрбір аутфиттерді араластырып қолдануға болады. Ал классикалық бейнелерде жолаққа салынған суреттер мен ұсақ бұршақ, ұсақ гүлдер сәнде болмақ.

Ал қыс-күз айларында өзіңізге жайлы киімдер трендте болады. Дизайнерлер кейп немесе пончо сияқты сыртқы киімдер мен классикалық қысқартылған модельдер және ұзын киімдерді ұсынуда. Тізімде оверсайз стилінде күртешелер мен пальтолар, плащь бар. Бұл жылы кең тұратын киімдер сәнде болғандықтан, талғамыңызға сай таңдау өзіңізде.

Ал Pantone түстер институты 2000 жылдан бері трендте болатын түстерді анықтап келеді. Олар өз зерттеулерін әр жылдың желтоқсан айында жариялайды. Жақында 2021 жылдың басты түстерін анықтады. Түр-түс сарапшылары келер жылға ашық сары және қою түстерді таңдаған.

Pantone түстер институты көбіне бір түсті ғана таңдайтын. Келер жылға екі түсті қатар таңдаған. Ұйым директоры Леатрис Эйсманның айтуынша, бұл түстер адамға шыдамдылық пен үміт сыйлайды. Күн шапағы секілді ашық сары түс энергия сыйлайды, жанды жылытады.

Жылдың басты түсі сән, үй жиһазы, өнеркәсіп дизайны, медиадағы графика мен жарнама саласына да әсер етеді. Көбі осы түсті таңдауға тырысады.
Pantone түстерді жайдан-жай таңдамайды. Олар түрлі трендтерді талдау арқылы зерттеу жасайды. Ойын-сауық, кино, суретшілердің өнер туындылары, сән және дизайн салаларын барынша зерделейді. Сол арқылы барып жыл түсін анықтайды.

Айта кетейік, Pantone 2020 жылдың басты түсі ретінде классикалық көк түсті таңдаған болатын. Түстің адам психологиясы мен көңіл-күйіне әсері зор. Әр адамның түр-түсті қабылдау ерекшелігі де әртүрлі. Бұл қасиет адам мінезіне, жасына, көңіл-күйіне және басқа да жайларға байланысты. Сондай-ақ түр-түстер ағзаға тікелей әсер етеді, адамды ерекше күйге бөлейді.

Ерлер де тыс қалмайды
Ерлер сәні – стиль индустриясының бірегей маңызды бағытына айналғалы қашан. Оларға арналған сән үлгілері де жыл сайын түрленіп, қыз-келіншектерден кем түспеуде. 2021-2022 арналған ерлер сән үлгілерін сырт киімдер бас-тап тұр. Ерлерге арналған киімдерді үйлесімін тауып жемпірлермен, жейде және свитермен киюге ыңғайлы етіп бомбардир-күртешесін ыңғайлы деп тапқан дизайнерлер келер жылдың сәні сол деп отыр.

Ал костюмдер мен жилеттер, пиджактар да ерлер гардеробының айнымас бөлігі. Биыл жолақты және клеткалы костюмдер трендте. Велюр мен бархаттан тігілген қоңыр, изумруд және қою көк түстегі жакеттер сәнге айналады. Көше стиліндегі костюмдерге қанық түстер сәнде болмақ. Ал күнделікті кеңсе стиліне сұр, көк, қара, графит пен карамель түстер ыңғайлы болмақ.

Жаңа жылды қалай қарсы аламыз?
Биылғы Жаңа жылды астрологтар үй жағдайында қарсы алуға кеңес беруде. Елдегі карантиндік шараларды ескеретін болсақ, бұл нұсқа бәрімізге тиімді-ақ. Ал сиыр жылын ескере отырып сәнгерлер Жаңа жыл кешінде сұр, ақшыл көк, ақ және күміс түстес реңктерді кию-ге кеңес береді. Ал қыз-келіншектерге қандай киім үлгісін кисе де, өзіндік бір ерекшелік қосу керек.

Мысалы, белдемше болса, кең әрі ағынды (пышный), көйлек болса арқасы немесе иығы ашық болу керек. Қанық түстерге көңіл бөлсеңіз, кештің ханшайымы болатыныңыз сөзсіз. Ал атлас жейделер мен «карандаш» белдемшелер мен шалбарлар образыңызды толықтырмақ. Сондай-ақ міндетті түрде сән беретін аксессуарды ұмыт қалдырмаңыз.

Ерлерге келер болсақ, спорттық киімдер мен джинсылардан бас тартқан дұрыс. Тоқылған жемпірлер мен свитерлер, жейделермен үйлесімді, жайлы шалбар киген абзал. Ал джентльмендер классикалық костюм кисе нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені биылғы жылдың иесі – ақ бұқа. Ал түстерге келер болсақ, қоңыр, ақшыл қоңыр, сұр, қара реңктерді қанық галс-тукпен болмаса «бабочкамен» сәндей аласыз.

Қай түсті, қай образды, қалай үйлестіріп кисеңіз де өз еркіңізде. Ең бастысы, жаңа жылдық көңіл-күй мен мейірімділік жүзіңізден төгіліп тұрса, қандай киім болса да жараса кетпек.

Comments (0)
Add Comment