Жаңа жыл жаңалықтарға толы болмақ

Қазақта жыл қайыру он екі жылдан тұрады. Бұл қатарда 2026 жыл Жылқы жылына тұспа-тұс келіп тұр. Ол өзгерістерге толы кезеңдерімен ерекшеленбек. Желдей жүйткіп келген Жылқы жылы есігімізді қандай жаңалығымен қақты? Шолу жасап көрейік.

Жаңа Салық кодексі күшіне енді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің экономикалық қатынастарын реттейтін негізгі құжат – жаңа Салық кодексі күшіне енді. Мұндағы ең маңызды өзгерістердің бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) 12 пайыз деңгейінен 16 пайызға дейін көтерілуі. Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда мемлекет әлеуметтік маңызды салаларды салықтық жүктемеден қорғауды да ұмытпады. Яғни, енді төмендегі тауарлар мен қызметтер ҚҚС-дан босатылады:
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясындағы тауарлар мен қызметтер;
– Міндетті медициналық сақтандыру қызметтері;
– Отандық баспа өнімдері (кітаптар) мен оларды басып шығару қызметтері.
Жеке және корпоративтік табыс салығы бойынша да жаңа тәртіп орнайды. Корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20 пайыз болып бекітілсе де кейбір секторлар үшін өсім қарастырылған. Айталық, банктер (ШОБ-ты несиелеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25, әлеуметтік сала ұйымдары үшін – 5 (2027 жылдан бастап – 10), ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 3 пайыздық мөлшерлеме сақталады. Ал жылына 8 500 АЕК-ке дейін (33,5 миллион теңге) табыс табатындар – 10, табысы бұл шектен асатын тұлғалар 15 пайыз салық төлейді.

Мобильді аударымдар бақылауға алынды

1 қаңтардан бастап банк шоттары мен мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа ережелері іске қосылды. Егер жеке тұлғаның шотына үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша түссе және бұл сома 12 ең төменгі жалақыдан (2026 жылы 1,02 миллион теңге) асса, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қарастырылады.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, осы үш критерийдің бәрі болуы керек.
– Егер критерийлер бөлек болса, онда біз бақылауға алмаймыз. Иә, біз туыстарымызға, балаларымызға және достарымызға бәріміз ақша аударамыз, бұл орайда ешқандай сұрақ жоқ. Ал егер кәсіпкерлік қызмет болса, онда шаралар қабылданады, – дейді вице-министр.

Зейнетақы 10 пайызға өсті

Биыл әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған негізгі көрсеткіштер көтерілді. Мәселен, зейнетақының ең төмен мөлшері көтерілгенде одан аз зейнетақы төлеуге болмайды. Бұдан бөлек, халыққа әлеуметтік көмек бергенде ең төменгі күнкөріс деңгейі ескеріледі.
Осылайша, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге);
– ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге);
– айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге);
– ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге);
-ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (2025 жылы тура сондай) болып отыр.
Яғни, биыл ең төменгі жалақының көлемі өзгермейді. Үкімет оны алдағы үш жылда қарастырады. Ал айлық есептік көрсеткіш өскеннен кейін айыппұлдардың көлемі артады. Дәл осы көрсеткішпен жәрдемақылар да есептеледі.

Көпбалалы отбасылар қанша алады?

2026 жылы айлық есептік көрсеткішпен бірге көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы да өседі. Атап айтсақ:
– 4 балаға – 69 265 теңге (16 АЕК);
– 5 балаға – 86 598 теңге (20 АЕК);
– 6 балаға – 103 930 теңге (24 АЕК);
– 7 балаға – 121 263 теңге (28 АЕК);
– 8 және одан көп бала болса, әр балаға 4 АЕК мөлшерінде, яғни кемінде 138 596 теңгені құрады.
Бұдан бөлек, «Алтын алқа» иелеріне 31 997 теңге (7,4 АЕК), ал «Күміс алқа» үшін 27 680 теңге (6,4 АЕК) қарастырылған.
Сонымен қатар 2026 жылы бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы да көтерілді. Нақтырақ айтсақ:
– бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге (38 АЕК);
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге (63 АЕК).
Ал егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі.
– бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК);
– екінші балаға – 29 465 теңге (6,81 АЕК);
– үшінші балаға – 33 951 теңге (7,85 АЕК);
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге (8,9 АЕК).
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану шегі артты

Биылдан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейі өскеннен кейін зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі де орта есеппен 10 пайызға көтеріліп отыр. Осылайша былтыр 30 жастағы адамның біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі 4 580 000 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 120 000 теңге болады.

Медициналық сақтандыру жарналары бюджеттен төленеді

2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты да маңызды өзгерістер күшіне енді. Бұдан былай 1 миллионнан астам адамның жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Мәселен, Қазақстанда бүгінде 3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Соның ішінде 2,4 миллион азаматтың өмір сүру деңгейі орташа және қанағаттанарлық болса, 1 миллион азаматтың табысы төмен. Осы санат үшін жарналарды төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне кемі бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылады.
Сонымен қатар биылдан бастап МӘМС пакеті кеңейіп, оған қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, ревматизм секілді созылмалы дерттер бойынша медициналық қызметтер енгізілді. Осыған орай елімізде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында барлық аймақтағы облыстық стационарларда бейінді бөлімшелер ашылады.

Дәрігерлерге күш көрсеткендерге жаза қатаңдады

Жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысының физикалық зорлық-зомбылық жасағаны және медицина қызметкерлеріне қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленген Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне түзетулер енгізу туралы Заңға қол қойды.
Заң Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жаңа бапты енгізуді көздейді.
Нормаларға сәйкес:
– зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді;
– ауырлататын мән-жайлар кезінде көрсетілген әрекеттерді жасаған кезде жаза қатаңдатылады және 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді құрайды;
– өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылықты қолданған кезде 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді;
– өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылықты қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын жағдайлар болған кезде 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Паспорт пен жеке куәлік жасату қымбаттады

1 қаңтардан бастап Қазақстанда негізгі құжаттарды – паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және басқа да бірқатар қызметтерді рәсімдеу құны қымбаттады. Бағаның өсуі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге көтерілуімен байланысты.
АЕК-тің жаңа мәні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген. АЕК өскендіктен мемлекеттік баж мөлшерлері де артады. Мәселен:
– 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт – 17 300 теңге (4 АЕК). Ол 2025 ол жылы 15 728 теңге болған.
– 36 беттік стандартты паспорт – 34 600 теңге (8 АЕК). 2025 жылы ол  31 456 теңге болған.
– 48 беттік паспорт – 51 900 теңге (12 АЕК). 2025 жылы ол 47 184 теңге болған.
– Жеке куәлікті жыл ішінде екі реттен көп жоғалтқанда рәсімдеу –  1 АЕК (4 325 теңге).
– Жүргізуші куәлігін алу – 5 406 теңге (1,25 АЕК).
– Туу туралы куәлік бұрынғыдай тегін беріледі. Бірақ қайта рәсімдеу –  0,5 АЕК (2 163 теңге).
Айта кетсек, 2026 жылы неке қию туралы куәліктің құны да 1 АЕК немесе 4 325 теңге болады. Бірақ ажырасуға өтініш беру екі есе қымбатқа түседі. Яғни – 2 АЕК немесе 8 650 теңге болады. Туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ жоғалтып алып немесе басқа да жағдайлармен қайта жасатқан жағдайда 0,5 АЕК немесе 2 132 теңгені төлеу керек болады.
Алайда ерекше атап өтерлігі, биылдан бастап алғаш рет куәлік алатындар немесе мерзімі өткен құжатты ауыстыратындар үшін мемлекеттік баж алынбайды, яғни тегін жүзеге асырылады. Сонымен қатар паспорт пен жеке куәлікті онлайн беру қызметі де іске қосылды.

Әлеуметтік азық-түлік тізімі кеңейді

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізіміне 19 тауар кіреді. Олар – ұн (I сұрып), осы ұннан жасалған нан, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (жауырын мен төс жағы), құс еті, пастереленген сүт (2,5%), айран (2,5%), сары май, жұмыртқа (I санат), тұз бен ірімшік (5-9%). Дәл осы тауарлардың баға үстемесін 15 процентке артық қосуға болмайды.
Ал 6 қаңтардан бастап әлеуметтік азық-түліктің тізіміне тағы 14 тауар уақытша қосылды. Оның ішінде қызанақ, қияр, алма, сиыр еті (сүйегімен бірге), ет фаршы, қой еті (сүйегімен бірге), жаңадан ұсталған және тоңазытылған балық, ультрапастереленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік пен қара шай бар. Осы тауарлардың баға үстемесіне қатысты шектеу үш айға енгізіліп отыр. Оны әрі қарай ұзартуы да мүмкін.

Дайындаған Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment