Жаңа жолдау – жарқын болашақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы бұрынғылардан өзгеше, яғни күтпеген жаңалықтармен ерекшеленеді.

Соңғы Жолдаудың өзгешелігі – халықтың шын мәнінде жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ішінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты даму кепілі болып табылатыны сөзсіз. Президент бұл жолғы өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар.
Саяси жаңғыруға бағытталған бұл құжатты елдің асыға күткені жасырын емес. Президент тәуелсіздігімізге қауіп төндірген Қаңтар оқиғасының жай-жапсарына терең тоқталып, оны ұйымдастырушылар мен кінәлілердің қатаң жазаланатынын тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Кемелұлының қиын кезде туған Отанымен бірге болып, қатаң да батыл шешімдер қабылдағанын, нәтижесінде ел тыныштығы тұрақтанғанын баршамыз жақсы білеміз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту тармақтарында Президенттік ұсыныстары мен перзенттік ұстанымдарын ортаға салып, жаңа Қазақстанды қалыптастырудың тың тетіктерін айқындады. Сондай-ақ дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ.
Жолдау аясында үш маңызды тірекке ерекше мән берілетінін аңғарамыз. Бұл күшті Президент, ықпалды Парламент, естуші Үкімет. Осы Жолдауда қаржы көздерін іздеу, оларды тиімді игеру, инвесторлар тарту, сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешу және оған жол берген заңды және жеке тұлғалардан өндірілген айыппұлдарды білім беру мақсаттарына бағыттау мәселелері де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ ол Еуропа мен Азияны байланыстыратын Қазақстан мемлекетінің географиялық ерекшелігін ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ішкі мәселелер – азық-түлік бағасы және әйелдердің зейнеткерлік жасының тұрақтылығы, сондай-ақ біздің болашағымыз Ұлттық қордан балалардың шоттарына аударылуы секілді жаңалықтар біздің болашаққа деген сенімімізді нығайта түсері анық.
«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», – деді Қ.Тоқаев. Аталған ақша бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Әрине, Жолдаудың халық жылы қабылдаған тұсының бірі осы болды.
Отанымыздың кемел келешігі болған жастарды қолдау болашағы бекем ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы әр сөзінде жастарды назардан тыс қалдырған емес. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы Жолдауында.
Сонымен қатар Президент Қазақстанда оқуға жылдық 2-3 пайыздық жеңілдікпен кредиттер берілетінін атап өтті. «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады», – деді Мемлекет басшысы. Бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады.
Президент Жолдауында мемлекетіміздің біртұтастығына, әл-ауқатының жақсаруына, экономикалық жағдайының дамуына жол ашатын арнайы тапсырмалар берілді. Қоғамдық ой-сана мен жұртшылықтың көптен көкейінде жүрген мәселелерінің басын ашып, айқындады. Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған оң бастамалары сөз күйінде қалмас үшін өз алдында маңызды міндеттер тұрғандығын әр қазақстандық ұғынуы тиіс деген пікірдемін.

Ақнұр ЗЕТУЛЛА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Web-журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Comments (0)
Add Comment