Жаңа жатақхананы қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне баса көңіл бөліп, түйткілді шешу үшін жоғары оқуы орындары мен құрылыс компаниялары арасында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керектігін ескертті. Қазір Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында әр өңірде нақты жұмыстар қолға алынуда.

Еліміздегі үш ірі мегаполистегідей емес, Тараз қаласында студенттерді баспанамен қамту мәселесі аса ушығып тұрған жоқ. Олай дейтініміз, облыс орталығындағы екі жоғары оқу орнында да өз жатақханалары бар. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде бүгінге дейін бір емес, үш жатақхана жұмыс істеп келді. Төртіншісін алдағы уақытта пайдалануға беру жоспарланған болатын. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов №4 жатақханаға келіп, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Дулати университетінің төртінші жатақханасының іргесі 2018 жылы қаланған. Қазір онда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов уақыт созбай, қалған жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырды. Мердігер компанияның жұмысына қатысты бірқатар сын-ескертпе айтты.

Облыс әкімін жаңа студенттер үйінің құрылыс жұмысымен Жамбыл облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков таныстырды. Компания басшысына құрылыстағы олқылықтарды осы айда толық жойып, жұмысты ширату қажеттігі ескертілді.

Жыл сайын жаңа оқу жылында қозғалатын жатақхана мәселесі биыл мегаполистерде өзекті проблемаға айнала түсті. Әсіресе, қыркүйек айында студенттер жатақхананың жетіспеушілігінен пәтер іздеп сабылатыны жасырын емес. Біздің өңірдегі іргелі оқу орны үшін білім алушылар арасында жатақхана жетіспеушілігі бүгінгі күнге дейін  болмағанымен, студенттер жаңа жатақхананы күтетіні анық.

 

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ.

 

 

 

Comments (0)
Add Comment