Облысымызда 25 қазан – Республика күнін мерекелеу бойынша шаралар бастау алды. Соның дәлелі – күні кеше облыста 6 бірдей денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Айталық, Меркі, Сарысу, Талас және Т.Рысқұлов аудандарындағы ауылдарда дәрігерлік амбулатория, медициналық пункттер есігін айқара ашты.
Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылында жаңа дәрігерлік амбулаториясының ашылуын жергілікті тұрғындар көптен күткен болатын. Салтанатты шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген нысан 25 келушіге арналған. Дәрігерлік амбулатория заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Аудан басшысының айтуынша, өңірдегі барлық елді мекендер медициналық нысанмен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
– Ауданымызда денсаулық сақтау жүйесі нығайып келеді. Салаға биыл 3,2 миллиард теңге бөлінген. 35 емдеу мекемелері халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы аудандық орталық ауруханаға барлығы 305,1 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынып, қамтылу көрсеткіші 91,2 пайызға жетті, – деді Ернар Серікәліұлы.
Нысанның құрылыс жұмыстарына 161 миллион теңге бөлінген, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер – «Тұлпар строй сервис» ЖШС.
Тіркелген тұр-ғындар саны – 2154. Заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталған нысандар 14 адам жұмыс істейді. Яғни 1 жалпы тәжірибелі дәрігер, 3 аймақтық мейірбике, акушер, ем қабылдау және егу мейірбикесі, әлеуметтік маман, зертханашы, кіші бике бар.
Амбулаторияда бастапқы медициналық-санитариялық көмек, дәрігерлік қабылдау, акушерлік қабылдау, дәрігерге дейінгі қабылдау, скринингті тексеру, екпе, егу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар 4 төсектік күндізгі ауру емдеу стационары қарастырылған. Лабораторияда жалпы қан, зәр, қан талдауы, микрореакция жасалады.
Дәл осындай 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория Талас ауданына қарасты Қаратау ауылдық округінің орталығы Есейхан ауылында да пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков бұл биылдыққа ашылған аудандағы үшінші медициналық нысан екенін атап өтті. Ағымдағы жылы іске қосылған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік тәжірибелер орталығы да – таластықтар үшін үлкен олжа.
Есейхандық тұрғындар мемлекет қолдауының арқасында игілікке қолы жеткендерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
– Жаңа дәрігерлік амбулатория енді ауылдықтардың орталыққа қатынап, уақыт жоғалтпай, тұрғылықты жерден ем алуына мүмкіндік бере- ді, – деді ауылдық ардагерлер кеңесі-нің төрағасы Түзелбек Рахышұлы.
Бұдан бөлек, бұл күні Меркі ауданының Гранитогорск ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт, Тәтті ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Сарысу ауданының Әбілда ауылында бес келушіге арналған медициналық пункт, Тоғызкент ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.
Айта кетейік, облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін денсаулық саласында 76,2 миллиард теңгеге 118 жоба іске асырылып, 96 медициналық нысанның құрылысы жүзеге асады деп көзделген. Ал ағымдағы жылы 24 нысанның құрылысына 9,4 миллиард теңге бөлінген. Бұдан бөлек, «Ауылды жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына 2023-2024 жылдары облыста 30 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу бойынша ұсыныс жолданған. Қазіргі таңда 30 елді мекенде жер учаскелері анықталып, құжаттары әзірленуде екен.
Құрбанәлі Шахабай