«77 TV» телеарнасы кезекті телевизиялық маусымын бастап кетті. Осыған орай қаладағы ең ірі «Март» сауда үйінде салтанатты шара өтті. Билік пен бұқараны байланыстырған арна көрерменге жол тартқалы ақпарат ағынында тың жобаларымен ерекшеленуде.
Жаңа маусымның ашылу рәсімі еркін форматта өтті. Алдымен телеарнаның осы күнге дейінгі жетістіктері айтылып, одан соң кезекті маусымдағы тың жобалар таныстырылды. Сонымен қатар ұтыс билеттері ойнатылып, салтанатты шараны одан әрі қыздыра түсті. Жаңа маусымда телеарна ұжымының қандай жаңалықтар әкелетінін білмекке ағылған көпшіліктің қарасы қалың болды.
– «77 TV» телеарнасының жаңа маусымының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Телеарнаға көтерілу үшін қашанда жаңа дүниелер керек. Көрермендерін таңғалдырудан танбайтын арнаның жанашырлары көп екеніне көзіміз жетіп отыр. Онымен қоса бұл телеарнамен енді танысып жатқандар да жоқ емес. Сондықтан мен халықты осы телеарнадан ең қызықты хабарларды көруге шақырамын. Телеарна ұжымына алғыс айтамын, – деді «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер.
Үш жылдық тарихы бар телеарна бұл жолы 5 жаңа hәм жаңарған жобаларды көгілдір экранға жолдап отыр. Жаңа маусымды бастамас бұрын әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіліпті. Көрермендердің сұранысы бойынша «Кешкі позитив», «Туған жер» хабарлары эфирге қайта жол тартып, «Өзекті» бағдарламасы жалғасын табады.
– Облыс орталығының көркеюіне арналған «Түрленген Тараз» жобасының жаңа маусымында биліктің ғана емес, бұқара халықтың пікірін негізге аламыз. Аталмыш жобада қала тұрғындары қажет ететін дүниелерді анықтауға тырысамыз. Сонымен қатар апта жаңалықтары «Көзқарас» сараптамалық бағдарламасы шығатын болады, – деді «77 TV» телеарнасының бас редакторы Нұржан Мергенбай.
Жаңа маусымда көрермен талғамына, заман қажеттілігіне сай 3 бағытта қысқаша бейнероликтер даярлау қолға алынуда. Яғни облыстың 80 жылдығына арналған ақпараттар, өңірді мекендейтін жануарлар дүниесі мен тәрбиелік мәні бар қазақи болмыста арнайы бейнероликтер түсірілмек.
Сәндібек Піренов,
ТарМУ студенті