Жаңа Кодекс жан-жақты түсіндірілді

Тараз қаласында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жамбылдық жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, кең ауқымды семинар өткізді.

Жиын барысында министірлік өкілдері қатысушыларға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған «Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің негізгі бағыттарымен таныстырды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің «Байланыс орталығы» басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, келер жылдан бастап кәсіпкерлер салықтық есепті бұрынғыдай тоқсан сайын емес, жылына бір рет тапсырады. Бірыңғай жер салығы да жойылады. Мүлікті сатқаннан кейін төленетін салық мерзімі де ұзартылмақ.
– Жаңа Салық кодексінде әкімшілендіру тетіктері жеңілдеген. Мысалы, салық есептілігіне жататын нысандар – 30 пайызға, жалпы салық саны 20 пайызға азайып отыр. Бірыңғай жер салығы жойылып, жекелеген төлемдер бойынша мөлшерлемелер мен алымдар саны кеміді. Жаңа норма бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, бизнесін дөңгелетуші тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Әрі олар әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді төлегенімен, жеке табыс салығынан босатылған. Құжатқа сәйкес, ұйымдарға жоспарлы тексерулер енді жүргізілмейді. Тек жоспардан тыс тексерулер қалады. Адал жұмыс істеген тұлғаларға жаңа Салық кодексі ешқандай қиындық туғызбайды, – деді Айнұр Нұрлашқызы.
Оның айтуынша, ойын бизнесіне қатысты салық көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер бұрын 20 пайыз мөлшерінде корпоративті табыс салығын төлейтін болса, келер жылдан бастап мемлекеттік алым 25 пайызға дейін өседі екен.
Семинар барысында қатысушылар Қаржы министрлігінің өкілдеріне көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауап алды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment