Жаңа баспалдақ, жаңа белес

Журналистика мен баспасөз қызметі бір-бірімен біте қайнасып жатқан бір сала десе де болады. Екеуінің де мақсаты бір – ақпарат тарату. Ал ақпарат ағыны ғарыштық жылдамдықпен тарап жатқан заманда сала мамандарына қойылатын талап та жоғары. Осы орайда, біз кешегі журналист, бүгінде облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі сынды жауапты қызметтің тізгінін ұстап отырған Нұрадин Рақаймен сұқбаттасқан едік.

– Нұрадин Аллабергенұлы, журналистика саласына қалай келдіңіз?
– Журналистика саласына бала арманымның жетегімен келдім. Ауылда мектеп оқушысымын. Кітапқа құмармыз. Қатарластарыммен таласып кітап оқимыз. Содан бір күні қолыма Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы түсті. Кітапты оқи отырып, мен болашақта жазушы боламын деп шештім. Ал жазушы болу үшін журналист мамандығын игеруім керек деп ойладым. Содан бала арманым алдамады. 2004 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне «Журналистика» мамандығына түсіп, оны 2008 жылы тәмамдадым. Еңбек жолым 2006 жылы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығындағы баспасөз хатшысы болып басталды. Одан кейінгі әр жылдары «Қазақстан-Тараз» телеарнасында редактор, шеф-редактор, республикалық «Асыл арна» телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, «77» телеарнасының бас редакторы қызметтерін атқарып, тәжірибе жинадым. 2011 жылдан бастап бүгінге дейін республикалық «31» телеарнаның Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып келдім. Соңғы екі айға жуық уақытта жаңа қызметке тағайындалдым.
– Алғаш қалам тербеген тақырыбыңыз есіңізде ме?
– Мен оқуға түспес бұрын шығармашылық емтихан тапсырдым. Журналистикаға түсу үшін алдын ала аудандық, қалалық, облыстық, тіпті республикалық басылымдарға мақала жазуың керек екенін сол кезде білдім. Содан, оқуға түсу үшін «Қордай шамшырағы» аудандық газетіне барып, жағдайды түсіндіріп, газеттің редакторы Құрманбек Әлімжан ағадан «Түлектер кездесуі» деген тақырыпта мақала жазуға тапсырма алдым. Мақала жазылды, баспадан газет бетіне басылып шықты. Міне, Нұрадин Рақай деген автордың ең алғашқы мақаласы ауылға, ауданға тарады. Оны кесіп алып, туған-туыс, көрші-қолаң – бәрі мені қолпаштап жүр. Мен сол кезде журналистің кім екенін сезіндім. Ол газеттің қиындысы үйде әлі сақтаулы.
– Тележурналистикада тәжірибесі бар мамансыз. Жас тележурналистердің экрандағы сөйлеу мәдениеті мен хабар таратуын қалай бағалайсыз?
– Расында, бұл салада азды-көпті 10 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Әрине, күн өткен сайын техника дамуда. Ақпарат беру стилі мен оны таратудың түрі жаңаруда. Бірақ телеарнаның журналисіне қойылатын талап өзгермейді. Ол көгілдір экранның арғы бетінде отырған көрерменге дәл, нақты ақпарат беруі керек. Мен редакторлық еткен тұста жас журналистердің жазуын күзеп, түзеуде тек қатесіне басымдық беретінмін. Өйткені әр маман өзінің қолтаңбасын, стилін қалыптастыруы керек. Сен отырып алып әр тілшінің жазуын өзгертіп, стилін күзеп, өзіңнің оң жамбасыңа келетіндей шимайласаң, одан нағыз маман шықпайды. Менің ең бірінші жұмыста ескеретінім – әр журналистің өзіндік стилі. Газет тілшілерінде «ң» мен «н» әріптерін айыра алмайтын журналистің қатесін корректор түзейді, ал телеарнада жүргізуші ондай қателік жіберсе, құлаққа түрпідей естілуі мүмкін. Сол сияқты дыбысты, әріпті таза айтуға өз басым қатты мән беремін. Бұл орайда, сөйлеу мәнерінде ақауы бар жандарға телеарнаға келме деген қате пікір болмасын. Кез келген адам өз жұмысын жақсы көрсе, оның алмайтын қамалы жоқ екенін ұмытпаңыздар.
– «Теледидардың есігін ашқан адам бұл саладан кетпейді» деген пікірді естігенім бар. Сіз «Асыл арнада» тілші, «31» арнада меншікті тілші, «77 ТВ» арнасында бас редактор қызметін атқардыңыз. Сізді халық «31» арна арқылы таныды. Ал бүгінде облыс әкімінің баспасөз хатшысысыз. Бұл орайда, тәуелсіз журналист бола жүріп, мемлекеттік қызметке келу қиын болмады ма?
– Жалпы мен «Асыл арна» алғаш құрылған жылдары жұмыс жасадым. Жас арна, енді құрылып, халыққа енді тарап жатқан уақыты. Арнаның директоры Мұхамеджан Тазабеков сол кезде әр облыстан филиал ашуды жоспарлап отырғандығын және оның алғашқысы Жамбыл облысында құрылатындығын айтқанда, бойымда қорқыныш болды. Дін тақырыбында не беремін, қалай сюжет жасаймын деп басында талай бас қатырдым. Содан арнаның тіс қаққан тілшісі болу үшін діни кітаптарды оқыдым. Әр тақырыпқа діни тұрғыдан, яғни хадистермен, түрлі мысалдармен көрерменге қызықты сюжеттер жасап, бұл арнада 2,5 жыл біліктілігімді жетілдірдім. Содан 2011-2012 жылдары «31» арнаға келдім. Ол жылдары қаузайтын тақырыптар бүгінгідей ауқымды емес еді. Жыл өткен сайын қалам ұшталып, халықтың жан айқайын билікке жеткізіп жүрдім. Тынымсыз еңбек және қасымдағы командамның, яғни оператор, режиссерлердің ауызбіршілігімен жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Ал мемлекеттік қызметке келемін деген үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Бұл да бір баспалдақ. Жаңа бір белес.
– Тілші кезіңізде талай тұрғынның жоғын жоқтап, мұңын мұңдадыңыз. Тіпті билікке мін таққан күндеріңіз де болған шығар. Ал бүгінде сол биліктің сөзін халыққа жеткізушісіз. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен мен бүгінгі күннің айырмашылығын қалай таразылайсыз?
– Шыны керек, мен өзімнің жұмысыма өзім сын көзбен қараймын. Тіпті 1-1,5 минуттық материалды үйге барып асықпай, түн ортасына дейін ойланып жазатын күндерім көп болды. Өйткені менің берген әр хабарым біреудің үкілеген үміті, біреудің жоғын жоқтау, тіпті мақтау болса да, жұмысқа деген жауапкершілікті әлі күнге дейін сезінемін. Иә, мен бүгін өзеннің арғы бетінен бергі жағаға өттім. Бірақ мен ешқашан біреуге қастандық жасау үшін, болмаса бір шенеунікті әдейі қаралау үшін ақпарат таратпадым, былай айтқанда, арымнан аттап кететін іске бармадым. Әрбір хабарымды жылдар өткеннен кейін қарап, қай жерде толысу керектігін, қай жерде шығармашалық шабыт қосу керектігін қарап, өзіме есеп беремін, үздіксіз ізденемін. Өйткені болдым-толдым деу – тоқыраудың табалдырығы. Өткенге көз жүгіртсем, сол кезде көтерген мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпапты. Бұл да менің бұл арнаға қосқан үлесім. Мен журналиспін. Менің қаруым – қалам. Мен қарусыз ешбір майданға шықпайтынымды білемін.
– Төл мерекеде әріптестеріңізге тілегіңіз болса…
– Бір терінің пұшпағын илеп жүрген әріптестерімді қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырамын. Менің қызметім өзгергенімен, табиғатым, болмысым өзгерген жоқ. Азды-көпті жеткен жетістігім – осы қаламның арқасы. Барлық қалам иелерін төл мерекемен құттықтаймын. Толайым табыстар тілеймін.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment