Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де солардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар.
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушы екені мәлім.
Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші, саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек. Расында, бүгінгі жас ертеңгі елдің тірегі, келешектін келбеті емес пе?! Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі – ел дамуындағы аса маңызды фактор. Себебі Қазақстанның алдағы болашағы қандай болатыны көп жағдайда білім алып жатқан студенттерге, жастарға тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құруға бет бұрғанымыз жайлы үнемі айтып келеді. Бұл үшін білімді һәм көкірегі ояу жастардың керектігі айтпаса да түсінікті. Күні кеше аяқталған республикалық референдумдағы жастардың белсенділігі көңіл көншітеді. Демек, олар елдің кемел келешегіне сенім артып, осы жолда аянбай еңбек етуге даяр деген сөз.
Президент жуырдағы Үндеуінде: «Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын. Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!», – деген болатын. Бұл тұрғыда жастарға артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр.
Қорыта айтқанда, Жаңа Қазақстан бірінші кезекте білімді, сауатты және саналы болуы қажет. Осы үш дүниеміз түгел болса, қалған салалардың барлығы дұрыс бағытта дами алады. Егер қазіргі заманға қажетті сана, бәсекеге қажетті қабілет қалыптаспаса, басқа іс-әрекеттеріміздің барлығы бекер болмақ.
Жұмакүл Абдулла,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы