Жаңа аудандардағы жұмыс жүйелі жүруі қажет

Жаңа аудандардағы жұмыс  жүйелі жүруі қажет

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласын аралап, жаңадан құрылған Жібек жолы ауданындағы бірқатар нысанның жағдайымен танысты.

Аймақ басшысы әуелі «Сұлутөр» тұрғын алқабындағы ұзындығы 1 150 шақырымды құрайтын Қарой көшесін аралап көрді. Шағал тас төселген көшеге 2026 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің сөзінше, биыл көшелерді ағымдағы және орташа жөндеу, қайта жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылады. Байзақ, Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекен көшелері қаланың теңгеріміне алынғаннан кейін жол жөндеу жұмыстары қарастырылмақ.
Келесі кезекте Ербол Қарашөкеев Ә.Әйтиев атындағы орта мектепті аралап шықты. Білім ұясы 1922 жылы бастауыш мектеп болып құрылып, 1983 жылдан бастап 1 200 орындық орта мектеп ретінде қайта пайдалануға берілген. Бүгінде онда 1 040 бала білім алуда. Келер жылы мектептің электр және кәріз жүйесін ауыстыру, спорт алаңшасын ағымдағы жөндеу жоспарланып отыр.
Бұдан соң Ербол Шырақпайұлы Жібек жолы ауданы әкімдігінің ғимаратына барып, Жалпақтөбе тұрғын алқабындағы 180 орындық мәдениет үйі мен 100 келушіге арналған емхананың жұмысымен танысты. Сондай-ақ Әулиеата ауданы «Қызыл жұлдыз» тұрғын алқабына қарасты мәдениет үйінің, Н.Ақшабаев атындағы орта мектептің және өткен жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жағдайына қанықты.
– Тұрғындар әр жерге сабылмай, көрсетілетін қызметтерді бір жерден еш кедергісіз алуға тиіс, – деген Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы әкіміне ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Облыс әкімі аралау қорытындысы бойынша бюджет мүмкіндігіне қарай бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге басымдық берілуге тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге көшелерді жарықтандыру, жол салу, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, сондай-ақ саябақтарды қалпына келтіру, қала аумағында тазалық сақтау бойынша жұмысты жүйелеуді жүктеді. Жоспарланған жобалардың сапалы әрі мерзімінде іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Comments (0)
Add Comment