Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың дүниеге келгеніне – 178 жыл. Ол өмір есігін ашқан 28 ақпан бүгінде бүкілхалықтық мерекеге айналды.
Жамбыл – жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген қазақ халқының ұлы ақыны, өлең сөздің дүлдүлі, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы. Ұлт мақтанышы Жамбыл тауының маңында, қазіргі Отар станциясының солтүстік-шығысында, Шу өзенінің жоғарғы жағында дүниеге келген. Сөйтіп, баланы таудың құрметіне орай Жамбыл деп атапты.
Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей – көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан,– дейді Жамбыл ақын.
Жамбылдың бойындағы ерекше дарыны, тым өзгеше таланты қыстыгүні ерте бүршік атқан бәйшешектей жас кезінен-ақ таныла бастаған екен. Жамбыл жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген.
Жамбыл бабамыз қолына қалам мен қаруды қатар ұстаған, ақындық пен батылдықты бойына сіңірген нағыз патриот жан болды. Бұған ешкімнің таласы жоқ екені белгілі. Себебі тарих беттерін ақтарсақ, 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске Жамбыл Жабаевтың белсене араласқаны белгілі. Бұл кезде жасы жетпіске жеткен кәрі тарлан қартайдым деп от басында отырып қалмады. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүріп, өзінің отты үндеу жырларын толғады. Ер азаматтар қара жұмысқа айдалады, жергілікті бай-болыс, старшиналар Верный губерниясының әкімдерімен бірігіп алып, Үлкенсаз, Үшқоңыр, Құмбел, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауларындағы мал баққан шаруаларға отрядтарын аттандырады. Ал патша жарлығына қарсы шығып, көтеріліске қатыскандарды аяусыз жазалайды. Бұл оқиғаларды көрген, солардың ортасында жүрген ақын бейтарап қала алмады, ел қасіретін қабырғасы қайыса сезінеді. Міне, сол үшін қолына қалам алып, жалынды жырларымен ел намысын жырлайды, ал қолына қару алып, ел мүддесін қорғайды.
Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тəлімдік, тəрбиелік мəні зор өнегесі – біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан-ғасырға жасай береді.
Нұргүл Оразбек