Еңбек және соғыс ардагері Мұсахан Бердібайұлының есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Ауылдық мектепті бітірген соң әскер қатарына шақырылып, Сталинград, Курск доғасында, Калинин, Белоруссия майдандарына қатысқан ол 1945 жылы мамыр айында елге оралып, жеңісті қарсы алады. Соғыстан кейінгі жылдары ұстаздық қызметті абыройлы атқарып, көптеген шәкірт тәрбиелеп, шығармашылықпен де айналысты.
Күні кеше майдангер 100 жасқа толды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев бастаған азаматтар ардагерді ғасырлық мерейтойымен арнайы барып құттықтады.
Аймақ басшысы мерейтойға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтауын жеткізіп, ізгі лебізін білдірді.
– Ардагерлерді құрметтеу – баршамыздың мерейлі міндетіміз. Ардагерлер – кешегі Отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне үлес қосып, ерен еңбегімен соңына өшпес із қалдырған жандар. Ардагерлеріміздің, аға ұрпақ өкілдерінің еңбегі елеулі. Сіздердің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезеңімен тұспа-тұс келді. Сіздер бүлінген шаруашылықтарды қалпына келтірдіңіздер, күйзелген елдің еңсесін қайта тіктедіңіздер. Сіздер өз иықтарыңызға түскен ауыртпалықтың бәрін абыроймен жеңе білдіңіздер. Біле білсек, бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға ұрпақтың, ардагерлеріміздің арқасы. Біз олардың қасиетті жолын қастерлеп, оны лайықты түрде жалғастыруға тиіспіз, – деді Бердібек Машбекұлы.
Мерейтойлық шара одан әрі шаһар өнерпаздарының ән-биімен жалғасты.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ