Жәрмеңкенің жұмыс іздегендерге жәрдемі мол

Тараз қаласындағы «MART» сауда орталығында «Мүмкіндіктер алаңы – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жібек жолы ауданының әкімдігі, қалалық прокуратура және Еңбек мобильділігі орталығының қалалық мансаптық орталық филиалы ұйымдастырған шара Жұмысшы мамандықтарының жылы идеясын қолдау мақсатымен өткізілді.

Ашылу салтанатында сөз алған Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова жәрмеңкенің тиімділігіне тоқталды.
– Шараның мақсаты – жұмыс іздеп жүрген тұрғындарға қолдау көрсету, олардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне және ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға мүмкіндік беру. Тараз қаласының прокуратурасы заңдылық пен әлеуметтік әділдік қағидаттарын жүзеге асыру аясында азаматтардың, соның ішінде еңбек ету және лайықты еңбек жағдайларына ие болу құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады.
Жібек жолы ауданы әкімдігімен, мансаптық орталықпен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, біз тек құқық бұзушылықтарға әрекет етумен шектелмей, олардың алдын алуға, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында ашық диалог орнатуға күш салудамыз. Бүгін бұл алаңда нақты жұмыс орындарын ұсынуға дайын кәсіпорындар мен ұйымдар, сондай-ақ мамандық таңдауға, оқуға немесе біліктілікті арттыруға көмектесетін мамандар жиналып отыр. Бұл жәрмеңке – тек бос орындар көрмесі емес, әр азаматқа жаңа мүмкіндіктер есігін ашатын шынайы алаң.
Азаматтарды жұмыспен қамту – құқық бұзушылықтардың алдын алудың және қоғамдық тәртіпті нығайтудың маңызды факторларының бірі. Адамның тұрақты жұмысы, отбасының сенімді болашағы – бүкіл қоғамның игілігі, – деді қала прокуроры.
Жәрмеңкеге Тараз қаласының 30-ға жуық ірі кәсіпорны мен ұйымы қатысып, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өндіріс және сервистік қызмет көрсету сияқты түрлі салалар бойынша жұмыс орнын ұсынды. Шара барысында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер тікелей әңгімелесіп, талаптар мен шарттарды талқылауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар құқықтық, әлеуметтік, тұрғын үй және қаржылық мәселелер бойынша шаһар тұрғындарына сала мамандары өз кеңестерін берді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment