Жәрмеңкелер жұртшылық көңілінен шықты

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тіректердің бірі. Әсіресе, халықтың әлеуметтік тұрғыдан қолжетімді, сапалы тағам өнімдеріне деген сұранысын өтеуде жәрмеңкелердің рөлі айрықша. Мұндай шаралар бір жағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз тауарларын делдалсыз өткізуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан тұтынушыларға нарықтағыдан төмен бағамен күнделікті қажетті өнімдерді сатып алуға жол ашады. Осы мақсатта өңірімізде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Айталық, Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен барлығы 17 жәрмеңке өткізілді. Оның ішінде «Әлеуметтік базар» аумағында – 15, Орталық алаңда – 2, сондай-ақ Астана қаласында 1 жәрмеңке ұйымдастырылды.
Өткізілген жәрмеңкелердің қорытындысы бойынша жалпы 539,9 миллион теңгеге 609,69 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары сатылды. Барлық өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынылуы тұрғындар үшін айтарлықтай әлеуметтік қолдау болды.
Жыл басынан бері аталған шараларға 225 ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынды. Әсіресе, халықтың етке, картопқа, сәбізге, пиязға және өзге де көкөніс түрлеріне деген қызығушылығы жоғары болғаны байқалды.
Еліміз бойынша да жәрмеңкелердің маңызы артып келеді. Жалпы республика көлемінде жыл басынан бері 504 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп, онда жалпы 7,9 мың тонна өнім 5,3 миллиард теңгеге саудаланған.

«JT»-ақпарат

Comments (0)
Add Comment