Жәрмеңкеге жұртшылық дән риза

Әлеуметтік тұрақтылықтың басты тіректерінің бірі – азық-түлік бағасының қолжетімді әрі тұрақты болуы. Бұл тек экономикалық міндет қана емес, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды фактор екені белгілі. Сондықтан да бағаны тұрақтандыру еліміздегі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Мұның астарында қарапайым тұтынушының мүддесі, ауыл шаруаларының еңбегі мен нарықтағы тепе-теңдікті сақтау мақсаты жатыр.

Үйдегі есепті баға бұзып, нарық қос бүйірден қысқан қазіргідей уақытта халықтың арзан дүние іздейтіні анық. Осыған орай Тараз қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналып келеді.
Осы дәстүр сенбі күні де өз жалғасын тауып, «Әлеуметтік базар» алаңында кезекті жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды.
Шарада жалпы құны 22,2 миллион теңгені құрайтын 45,8 тонна ауыл шаруашылығы тауары сатылымға шығарылды. Оның ішінде 10,5 тонна ет, 2,5 тонна шұжық, 3,4 тонна сүт, 0,6 тонна кондитер, 3,5 тонна макарон, 0,1 тонна тұз, 0,7 тонна балық, 7,0 тонна ұн, 1,6 тонна бал, 15,9 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері және 12 мың жұмыртқа бар. Барлық тауар түрлері нарық құнынан 15-20 пайызға төмен бағада өткерілді. Саудаланған өнімдердің сапасы мен бағасына жұртшылық та дән риза. Солардың бірі – шаһар тұрғыны Қалаукүл Тұрғынбаева.
– Әдетте дүкеннен қымбатқа алатын азық-түлік өнімдерін жәрмеңкеден әлдеқайда арзан бағаға сатып алдық. Ет, сүт, көкөніс – бәрі де сапалы әрі қолжетімді. Қарапайым халық үшін мұндай мүмкіндіктің беріліп отырғанына шын жүректен ризамын. Мұндай шаралар расында да, бағаны тұрақтандырудың жақсы жолы екеніне көзім жетті. Әсіресе қазіргідей уақытта халыққа тиімді бағадағы өнім аса қажет. Сондықтан осындай жәрмеңкелер жиі өткізіліп тұрса екен деймін. Бұл тұрғындардың да көңілінен шығатын, шаруалардың да еңбегін ақтайтын игі бастама екені сөзсіз, – дейді зейнеткер.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі желтоқсан айына дейін жалғасады деп жоспарлануда.

«JT-ақпарат»

Comments (0)
Add Comment