Жүргізуші, жалған айыппұл – алаяқтың арбауы!

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы азаматтарды жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны туралы жалған қаулылардың жіберіліп жатқаны жайлы ескертеді.

Алаяқтар осылайша темір тұлпар иелерінің бейқамдығын пайдаланып, олардың қаражатын қолды қылуды жолға қойған. Жол ережесін бұзу туралы жалған хабарламалар электрондық пошта мен мессенджерлерге жіберіледі. Онда жүргізуші мен көлік туралы деректер және «айыппұл төлеуге» арналған сілтеме көрсетіледі.
Шын мәнінде, бұл – фишингтік шабуыл. Банк картасының деректерін енгізген кезде алаяқтар сіздің шотыңызға толық қол жеткізіп, қаражатты ұрлауға мүмкіндік алады. Ал кейбір жағдайларда сілтеме арқылы сіз пайдаланатын құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирус жолданады. Бүгінде мұндай шабуылдар Ресей мен АҚШ-та тіркеліп отыр. Сондықтан мұндай схеманың Қазақстанда таралу қаупі бар.
Әкімшілік айыппұл салу туралы ресми хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келіп түседі және төлем сілтемелерін қамтымайды. Салынған айыппұлдар туралы ақпарат egov.kz арқылы банктердің мобильді қосымшаларына да берілетінін естеріңізге саламыз.
Егер сіз 1414 нөмірінен айыппұл туралы хабарлама алсаңыз және онда төлем сілтемесі болса, ол бойынша өтпеңіз! Бұл – алдау! Мұндай хабарламаларды алаяқтар жібереді.
Бұл жағдайда сізге сілтемелер арқылы өтпеуді және күмән тудыратын хаттардың тіркемелерін ашпауды, айыппұлдар туралы ақпаратты egov.kz, qamqor.gov.kz ресми ресурстарында және банктердің мобильді қосымшаларында қайта тексеруді ұсынамыз.
Егер сіз сілтеме арқылы өтіп, деректерді енгізген болсаңыз, банк картасын шұғыл бұғаттап, ықтимал алаяқтық фактісі туралы банкке және полицияға 102 телефон номері арқылы хабарлаңыз. Сонымен қатар құрылғыңызда вирустың бар-жоғын тексеріңіз.
Сақ болыңыз. Жақындарыңызды ескертіңіз. Алаяқтарға мүмкіндік бермеңіз!

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу комитетінің Қылмыстық қауіп-қатердің және
қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы

Comments (0)
Add Comment