Жүргізуші куәлігін үйге әкеліп береді

Тұрғындар енді жүргізуші куәліктерін үйде отырып ала алады. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков мәлімдеді.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

– Тараз қаласының мамандандырылған бөлімінде «Egov.kz» электрондық үкімет порталында өтінім беру арқылы жүргізуші куәліктерін үйіне дейін жеткізу сервисі іске қосылды. Егер азаматтар бөлімдерге келе алмайтын жағдайда «Сіздің жеке менеджеріңіз» бизнес-жобасын қолдануларына болады, – деді спикер.

Сондай-ақ брифинг барысында онлайн атқарылып жатқан жұмыстар туралы да кеңінен сөз болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша бірыңғай провайдер болу үшін құрылған. Оның басты міндеті – бюрократияны және әкімшілік кедергілерді жою, ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және нәтижелерін халыққа беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету. Бүгінде мемлекеттік тізімге сәйкес қызметтердің жалпы саны 698-ді құрайды екен. Оның 674-і мемлекеттік корпорация арқылы, 649-ы «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Облыста бұл қызметтерді көрсетуге арналған 16 фронт-офис бүгінде халыққа қызмет етуде.

– Ағымдағы жылы облыс бойынша 821 644 қызмет, оның ішінде 2434-і электронды негізде көрсетілген. 2019 жылы 1 099 924 қызмет көрсетсе, оның 223 056-сы электронды негізде көрсетілген. Жалпы көрсетілген қызмет санының төмендеуі «Egov mobile», «Paper free», «бір ретті парольмен», «Telegram bot» арқылы қызмет алу, сонымен қатар 01.11.2019 жылдан бастап мемлекеттік корпорация арқылы мекенжай анықтамасын алуды тоқтату ел аумағында 2020 жылдың 26 наурызы мен 13 мамыр аралығында ТЖ режимі орнауына байланысты болды. Мемлекеттік қызметтерді дұрыс алуды үйрету мақсатында кеңестер беру үшін Тараз қалалық №1 бөлімінде Бірыңғай байланыс орталығы – 1414 және Тараз қалалық №2 халыққа қызмет көрсету бөлімі ғимаратында, «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн-қызмет көрсететін және азаматтарды мобильдік базаға тіркейтін бейне-ассистенттерге арналған сектор ашылғанын назарларыңызға жеткіземіз. Ағымдағы жылдың 11 айында Бірыңғай байланыс орталығы операторларымен 850774 қоңырау қабылданып, кеңестер берілді. «Электрондық үкімет» арқылы онлайн-қызмет көрсететін және азаматтарды мобильдік базасына тіркейтін бейне-ассистенттерге арналған сектор арқылы барлығы 510054 бейнеқоңырау қабылданып, 221 826 азамат Азаматтардың мобильдік базасына тіркелді. Сонымен қатар мемлекеттік корпорация азаматтардың уақытын үнемдеу және вирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында «Egov.kz» порталы, «Telegram», «Egov mobile» мобильдік қосымшалары арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін алдын ала бронь жасау сервисін іске қосты. Қазіргі уақытта жеке және заңды тұлғалар үшін «Электрондық үкімет» порталында ЭЦҚ алу үшін «ЭЦҚ қашықтықтан алу» сервисі іске қосылды. Интернет желісі және веб-камера болған жағдайда ЭЦҚ кез келген жеке және заңды тұлға ала алады, – деді Данияр Түзелбекұлы.

Comments (0)
Add Comment