Жүректерге жылулық ұялататын мереке

Жүректерге жылулық  ұялататын мереке

Құрметті бауырлар!
Баршаңызды күллі мұсылман қауым асыға күткен Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бізді осындай қуанышты күнге аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын.
Ораза айт – тек мереке ғана емес, жүректерге жылулық ұялататын, мейірім мен кешірімге толы ерекше күндер. Бұл күндері ағайын-туыс бір-бірін құттықтап, ренжіскен жандар татуласып, мұқтаждарға көмек көрсетеді. Айт бізге қайырымдылық жасауды, мейірімді болуды және иманымызды нығайтуды еске салады.
Айт – отбасылық мейрам. Бұл күні әрбір шаңырақта қуаныш орнап, үлкендерге құрмет көрсетіліп, балалардың жүзінен шаттық көрінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім туған-туыстарымен байланысын үзсе, ол жәннатқа кірмейді» – деген. Сол себепті айт – отбасы мүшелерін жақындастыратын, туыстық қарым-қатынасты нығайтатын ерекше сәт. Ағайын-туысқа қонаққа бару, дастархан жайып, бір-біріне ізгі тілек айту – осы мерекенің ажырамас бөлігі.
Халқымызда «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп», «Бірлік түбі – береке» деген даналық бар. Айт мейрамы осы бірліктің, ынтымақ пен бауырмалдықтың белгісі.
Биылғы Рамазан айында да жамағатымыз ауыз бекітіп, мешіттеріміз жамағатпен жанданып, көпшілік сауапты амалдарға атсалысты. Қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға қолдау білдірген барша бауырларыма Алла разы болсын!
Айт – қуаныш пен ізгілікке толы мейрам. Бұл күні мүмкіндігінше жұртқа жақсылық жасап, көңілдерге қуаныш сыйлауға тырысайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ең жақсы адамдар – өзгелерге пайдасы тигендер» деген. Сондықтан осы айтта тек жақсы сөз сөйлеп, мейірімді болайық.
Алла Тағала жасаған дұғаларымызды, ұстаған оразамызды қабыл етсін! Әр шаңыраққа амандық, елімізге тыныштық, жүрегімізге иман мен береке нәсіп етсін!
Айт құтты болсын!

Асқар қажы ЗӘКІРЖАНҰЛЫ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша
бас имамы

Comments (0)
Add Comment