Жүрегі жомарт жан еді

Өткен ғасырдың 70-жылдары Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институты мазасыз халде еді. Өзінің ашылғанына да екі-үш-ақ жыл болған. Оның тұңғыш ректоры Машрап Абжанов бірер жыл басқарды да, жұмбақ жағдайда қайтыс болып кетті.

Мінеки, дәл бір осындай қысылтаяң жағдайда Қуандық Байшымырұлы Тұрдалин ректор болып келді. Өзі жас, қызметте ысылған, Жамбыл технологиялық институтында жүріп біраз тәжірибе жинаған жаңа басшының алдында көптеген қиындықтар, шешімін күтіп тұрған проблемалар тұр еді. Материалдық базасы тым жұтаң шағын институтта алғашқы жылдары екі ғана факультет – физика-математика және филология мамандықтары бойынша жұмыс істеді. Оның өзі жұпыны ғана 2 корпусқа әрі оқу орны, әрі жатақхана болып әзер сыятын. Жылдың студенттерді қабылдау мөлшері – 250 адам.

Қазақта «Кедейлік еру болса, жоқшылық кеп шаңырағына шеру тартады» деген сөз бар. Қинап тұрған екінші бір жай – кадр тапшылығы. Ғылыми атағы бар 5-6 ғана кандидаттар, доценттер. Жай қатардағы мұғалім мамандардың өзі әр жақтан келген, қырық құрау. Мұның өзі де коллективті біртұтас етіп қалыптастыруда үлкен қиындық келтірген.

Қуандық Байшымырұлы басты нысаналарын белгілеп алады да, қажырлы ұйымдастырушылық әрекетке кіріседі. Жоғары жақтан тиісті көмектерді тынбай, табанды түрде талап ете отырып материалдық жағдайды түзеуге барынша күш салды. Жан-жақтан тәжірибелі ғалымдарды шақырып, педагогикалық коллективті жасақтай бастайды. Министрлікте істеп жүрген Жұмажан Оспанов пен орыс тілінің айтулы маманы Дәмира Абдешқызы декан болып, физик Зейнал Саимкулов физика-математика факультетінің деканы болып ауысып келді.

Тарихшы Рымбек Мылтықбаев деген болушы еді. Сол бір күні технологиялық институт жаққа басы қисайып кетіп бара жатса: «Оу, Реке, талтүсте қайда бара жатсың? – деп сұраса: «Мына Тех. жаққа барып, бірер уақыт жұмыс істеп қайтсам деймін, қызмет мансабым көтерілер ме екен?» – депті.

Қазақ қарап жүрмейді. Іште бұққан ренішін тасада тұрып, тас қып атқылауға шебер. Тегі болмағанда, бір кебісті бір кебіске кигізіп кетеді. Ойы іске аса қалса, айызы қанып, сыртыңнан қыжырта күліп тұрады.

Коллектив алауыз. Сол жылдары әлгі домалақ арыз деген пәле белең алып тұрған кез. Сыртыңнан болмайтынды үлкейтіп, дабырайтып домалатады да жібереді. Іс біртіндеп ушыға береді, айтыс-тартыс та бір бәсеңдемейді. Сол жылдары Техтың жігіттері, әріптестеріміз: «Сендерде дау-дамай бітпейді, себебі Октябрь революциясының оқу ошағында өңшең революция ерлері жиналған ғой!» – дейтін әзілдеп. Ал өзіміздің қариямыз Хон Константин Евгеньевич: «Осы институттың фундаменті (іргетасы) о баста-ақ қисық қаланған. Жуық арада жөнделе қоймас!» – дегені бар.

Қуандық Тұрдалин осындай қиындықтармен күресе, арпалыса жүріп, жағдайды біртіндеп қалыпқа келтіре білді. Институттың іргесін қалаушы негізгі кадрлар: Қапаш Тасболатов, Шәбден Адилов, Тұран Бегалиев, Нұрғали Сарыбеков, Ерімбет Қонақбаев, Жұмажан Оспановтардың қолдау-көмегіне сүйене отырып коллективтің сапалық деңгейін көтеруге күш салды.

Ғылыми атағы жоқ жас мамандарды арнаулы жолдамамен білімін көтеруге, орталықтағы аспирантураларға топ-тобымен жібере бастады. Ленинград, Мәскеу ғылыми орталықтарына Алтынбек Наурызбаев, Төреқұл Сейсенбаев, Тұрдалы Күреңкеев сияқты алғыр ізденушілер физика саласы бойынша қабылданса, Сейтхан Досыбаев, Билібай Мүсілімов, Сәдібек Құлжановтар Алматы ғылыми орталықтарында диссертациялық еңбектерін қорғап шықты. Осы жылдар институт ғалымдарының қатары Апутан Шуканов, Назар Кунгуров, Тәуекел Жанакулов, Сәбит Тамаев, Алтай Байтелиев сынды майталман ғалым-мамандармен толықты. Олар институттың сусап тұрған саласы – шет тілі, философия және филология пәндерінің жедел өрістеуіне пәрмен берді. Алматыдағы ғылым ордалары ҚазМУ мен ҚазПИ-ден қызыл дипломмен бітірген үздік жас мамандар келіп, институттың ғылыми-педагогикалық деңгейін, оқу сапасын едәуір көтеріп тастады.

Заман күннен-күнге өзгеріп, түлеп, жас ұрпақ өз жаңалығымен дүниені жаңғыртып келе жатты. Осы жылдар ішінде институттың қол жеткізген табыстары айқын көріне бастады. Институт білім берудің жаңа сапалық бағдарламасын негізге алды. Білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құрудың жолына түсті. Осыдан 3-4 жыл бұрын орталықтағы оқу ошағына ғылым қуып кеткен жас кадрлар ғылыми атаққа ие болып, лек-легімен оралып жатты. Солардың тың екпініне сай жаңа лабораториялар, зерттеу кабинеттері ашыла бастады. Студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулып, арнаулы семинарлар, конференциялар жиі өткізетін болды. Орталықтардан ғылымның әр саласы бойынша беделді ғалым-профессорлар шақырылып, арнаулы лекция-дәрістер оқылатын болды.
Осы жылдар ішінде жаңа мамандықтар ашылып, олар шет тілі және педагогика факультеттеріне топтастырылды. Институт енді өзінің алғашқы қарлығаштарын – бітіруші түлектерін жан-жаққа ұшыра бастады. Педагогикалық кадрларға сусап отырған Жамбыл облысының ағарту салалары мен мектептері қанағат тапты.
Осы жылдар ішінде институтқа арналып жаңадан 2 оқу корпусы, студенттерді толық қамтитын 1 жатақхана салынды. Институттың материалдық-техникалық базасы жан-жақты нығайды.
70-жылдар Жамбыл аймағында мәдени, оқу-ағарту саласының үдере тартып айрықша өскен, өркендеген жылдары болды. Және оның көркеюіне бел шеше кірісіп, мәртебесін көтерген жомарт жүректі азаматтары: педучилище директоры Достай Еселбаев, есеп-санақ техникумының директоры Сейдуалы Амандосов, 154-ші кәсіптік-техникалық училищесінің директоры Әкім Садықбековтер ағарту саласының басында ұзақ жылдар болып, игі істің негізін қалаушылар ретінде облыс жұртшылығының құрметіне бөленді. Мінеки, осы топтың бел ортасында жүрген Қуандық Тұрдалиннің іскерлік қабілеті барынша жарқырап көрінген еді.
Өзінің 50 жылдығын осыдан бірер жыл бұрын тойлаған институт бүгінде көсегесі көгерген, кемелденген, енді университет атанған дәрежеде. Қазір мұнда ондаған ғылым докторлары, академиктер, жүздеген ғылыми кандидаттар, профессорлар жұмыс істейді.

Еңбек жолын сонау институттың балаң шағында бастап, біртіндеп өскен, жетілген жас кадрлардың болсын немесе институт қабырғасын сол жылдары бітіріп, кейін кең өріске шыққан түлектерінің бүгінгі жетістіктеріне қарасаңыз, көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Олар: қазіргі күндері ТарМУ-дың ректоры болып отырған Махметғали Сарыбеков, ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов, ғылым докторлары, профессорлар Асқар Абдуалиев, Серікхан Байтіленов, Сәмен Құлбарақовтар.
Өмірінің кейінгі жылдары зейнетке шыққанымен, Қуандық ұстаздық еңбегін бірде-бір жыл тоқтатқан емес. Біршама жылдар Шымкент пен Түркістан жақта жұмыс істеп келгені бар. Алайда айналып келіп өзінің ең бір мағыналы, қызықты дәуренін өткізген Жамбылын қайта тапты.

Біз Тұрдалин дәуірінің бір кездегі жас өскіндері Алтынбек Наурызбаев, Тәуекел Жанакулов, Сәбит Тамаев, Билібай Мүсілімов, Алтай Байтелиевтер Қуандық ағаның шекпенінен шыққанбыз деп мақтанышпен айтып жүреміз.

Рахым Садықбеков,
ардагер ұстаз

Comments (0)
Add Comment