Жұпар иісі аңқыған балбөбек

Жаңғыру күніне орай облыстық перинаталдық орталықтан үйіне шыққан 8 сәби мен аналарына сый-сияпат көрсетілді.

Құралай ІЗЕТБАЕВА Суретті түсірген Ю.КИМ

Жарық дүние есігін жаңа ғана ашып, ана құшағына енген бөбектердің жұпар иісінің өзі маңайды шаттыққа бөлеп тұр. Тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, ғұмырының ғажап сәтінде кіндігінен бүгіні мен ертеңін жалғаған аналардың қуанышында шек жоқ. Бір ана шақалағын сырт көзден таса ұстап, алдағы өмірге деген қадамын имене басса, енді бір ана күн шуағындай жарқырап, бөбегін құшағына алып, кеудесін кернеген мақтаныш сезіммен жан-жағына масаттана қарайды.

– Үйде екі ұл, екі қызым бар. Міне, күні кеше ғана қырық жастан асқанда бесінші перзентімді дүниеге алып келдім. Ұлымның есімін Әлихан деп қойдық. 3 келі, 200 грамм болып туған сәбиімнің жағдайы жақсы. Мен бұл перзентхана дәрігерлерінің көмегіне үшінші рет жүгініп отырмын. Бұл жерде ана мен бала үшін барлық жағдай жасалған. Осындағы дәрігерлер мен медбикелерге және де Жаңғыру күніне орай құттықтап келген кісілерге зор алғысымды білдіремін, – деді осы перинаталдық орталықта ұл сүйген Гүлсара Айтбаева.

Жаңғыру күніне орай жаңа өмірге, өз ошағына салтанатты түрде аттанғалы тұрған бөбектерді қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және осы орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева құттықтап, нәрестелердің еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болатынына сенім білдіріп, дендеріне саулық тіледі.

Comments (0)
Add Comment