Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) Лас-Вегаста өткен бокс кешінде жеңіске жетті, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жәнібектің қарсыласы әлемнің бұрынғы чемпионы франциялық Хассан Н’Дам Н’Жикам (38-5, 21 KO) болды. Он раундқа есептелген айқас сегізіншісінде аяқталды. Алдымен Жәнібек үшінші раундта франциялықты нокдаунға түсірді, ал сегізінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша, қазақ боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Бұл кездесуде орта салмақта екінші дәрежелі WBO Global титулы сарапқа салынды.
Жеңіліс көрмеген қазақстандық үшін бұл жеңіс кәсіпқой бокстағы 11-ші, мерзімінен бұрын жеңген жетінші жеңісі болды. Н’Дам 38 жеңісімен алтыншы рет жеңілді. Әлімханұлы WBO Global белбеуін қорғады. Ол сонымен қатар WBC Continental титулының иегері.