Жұмысына салғырт қарағандарға жаза қатаң

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қаңтар-тамыз айлары аралығындағы бюджеттің болжамды орындалуы мен шаһардың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының барысы қаралды. Жиында ең әуелі қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков сөз алып, шаһар бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалуы 109,3 пайызды құра-ғанын баян етті.

Келесі кезекте сөз тізгіндеген экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында барлығы 125 индикаторға қол жеткізу көзделсе, Тараз қаласы үшін 63 индикатор белгіленгенін айтты. Ал Ұлттық жобалар бойынша 61 және стратегиялық карта бойынша 2 нысаналы индикатор көзделген.
Бүгінгі күнге Тараз қаласы бойынша бекітілген 63 нысаналы индикатордың 27-сі орындалып, 34 индикатордың жыл қорытындысымен орындалуы күтілуде. 2 индикатордың орындалмау қаупі туындап отыр. Оның біріншісі – Тараз қаласына ат басын бұратын шетелдік туристер саны болса, екіншісі – нәресте өлімі. Қала әкімі орындалмай қалу қаупі бар екі индикатор бойынша жуаптылардан жауап алып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әсіресе туристерді тарту бойынша қонақ үйлермен жіті жұмыстар жүргізу қажеттігін ескертті.
Шаһар басшысы аппараттық кеңесте қалалық білім бөлімінің де есебін тыңдады. Бақытжан Орынбеков бұл тұста күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептердің жайы мен оқушыларды тасымалдау мәселесіне айрықша назар аударды. Сондай-ақ балаларды басқа мектептерге тасымалдап оқыту кезінде қауіпсіздікке жіті көңіл бөлуді жауаптыларға жүктеді.
Жиында жол құрылысы, жаяу жүргіншілер жолағы, күзгі ағаш егу жұмыстары сынды мәселелер де қаралып, сала мамандарына қатаң сын-ескертпелер жасалды. Әсіресе жоспардан ауытқыған жауапсыз мердігер мәселесін майшаммен қарап, сот арқылы келісімшартты бұзуды жауаптыларға тапсырды. Сонымен қатар аппараттық кеңеске бөлім басшыларының дайындықсыз келетіні мәселе ретінде көтерілді. Осы орайда Бақытжан Әмірбекұлы жұмысына жауапсыз қарайтындардың жазасы қатаң болатындығын ескертті.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment