Қай уақытта болсын қазақ қоғамы жастарға иек артып, келер ұрпақтың әлеуетіне сенетіні баршаға аян. Содан болар, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәттен бастап жастар саясаты жайлы бірнеше заң қабылданып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылды.
Бүгінде жастарға жан-жақты жағдай жасау – мемлекет дамуының басым бағыттарының бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді. Әсіресе, ел Президентінің: «Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын», – деген сөзі күллі жас буынның жігерін жанып, оларға зор серпін бергені даусыз.
Мемлекеттің кең қолдауының нәтижесінде жастар саясатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бұған Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының қосып отырған үлесі де қомақты. Қазіргі таңда облысымызда 355 мыңнан астам жас бар. Бұл аймақ халқының 29,1 пайызын құрайды. Сондай-ақ олардың 148 610-ы, яғни 41,8 пайызы қалада, ал 207 173-і, яғни 58,2 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрмыс кешуде.
Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздықпен күрес екені белгілі. Осыған орай жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 35 жасқа дейінгі 1 670 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 486 жас ваканттық жұмыс орындарына орналастырылса, 130 адам кәсіптік, онлайн оқытуға жолданды. Сондай-ақ 193 түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 30 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 743 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 88 жас «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді. Бұған қоса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, облыс көлемінде «Жастар ресурстық орталықтары» тарапынан 129 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған қатысқан 2 461 жұмыс беруші мекеме 7 993 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 156 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 249 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жіберіліп, 367 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар 991 адам консультациялық кеңестер алды.
Жастарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша бағыт-бағдар беру және жергілікті деңгейде әлеуметтік мәселелерін тыңдап, шешу мақсатында 5 қоғамдық тыңдау өткізіліп, оған жалпы саны 35 жас тартылды. Ақпараттық кеңес беру алаңдарына «Мансап» орталығының, Әділет департаментінің қызметкерлері, сот орындаушылар, адвокаттар мен нотариустар, «Отбасы банк» АҚ және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, психолог, заңгер мамандар мен Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысып, тиісті кеңестер берді.
Бұған қоса 2023-2024 оқу жылында облысымыздағы М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетін 6 413 түлек аяқтап, олардың 3 327-сі тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жастар саясатының негізгі міндетінің бірі – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту. Оны іске асыру мақсатында республика бойынша жастарды патриоттыққа тәрбиелеу шаралары да әзірленген. Соның бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Бұл жастарды еңбекке ерте араласуға үйретіп, өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік береді. Игі шаралардан жамбылдық жастар да тыс қалып көрген емес. Айталық, 2024 жылы «Жасыл ел» жобасына жергілікті бюджет есебінен 180,2 миллион теңге бөлініп, соның аясында 2 мыңға жуық жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасына Тараз қаласы мен аудандарда 2 мың жас маусымдық жұмыстарға тартылған. Оның ішінде 103-і – уақытша бос жүрген (NEET) жастар болса, 23-і – пробация тізімінде тұрғандар. Жастардың еңбекқорлығының арқасында маусымдық жұмыстар барысында 1 076 950 шаршы метр аумақ тазаланып, 141,9 тонна күл-қоқыс шығарылса, 2 887 қураған ағаш кесіліп, 9 900 көшет отырғызылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында жаңа жеті жылдық мерзімге ел Президенті болып сайланған соң алғашқы Жарлығын ауылға арнап, Үкіметке ауыл-аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған еді. Бұл құжат 2023 жылғы 28 наурызда қабылданып, онда ауыл шаруашылығын дамытып, ауылды жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар белгіленді.
Солардың бірі – ауылдардағы кадр тапшылығын болдырмау мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» жобасын одан әрі жалғастыру және жетілдіру. Аталған мемлекеттік бағдарламамен қыруар іс тындырылғаны анық. Аталмыш баянды бағдарлама аясында 220 маман үшін тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 846,0 миллион теңге бюджеттік несие қарастырылды. Бұған қоса 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 563 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 207,8 миллион теңге қаржы бөлінсе, биыл 164 маманға 1,5 миллиард теңге көлемінде республикалық бюджеттен несие және 546 түлекке аудандық қазынадан 214,7 миллион теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы беру жоспарланып отыр.
Елімізде жалынды жастарды жарылқайтын баянды бағдарламалар мен жарқын жобалар жетерлік. Солардың арасында әлеуметтік жоба ретінде 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Серпін» бағдарламасын айрықша атап өтуге болады. Бұл – студент жастарды әлеуметтік қолдау және еліміздегі оқу көші-қонын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген бағдарлама.
10 жылдан астам тарихы бар бағдарлама еліміздің халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлеріндегі жастарды кадр жетіспеушілігі бар еліміздің солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру мақсатында қолға алынған. Бүгінде бұл бағдарламаның шарапатын жамбылдық жастар да көріп отыр. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында «Серпін-2050» жобасы арқылы Жамбыл облысынан 119 студент оқуға түскен. Нәтижесінде бағдарлама шеңберінде барлығы 618 студент тәлім алуда. Оның ішінде 487-і – жоғарғы оқу орындарында, 131-і колледждерде педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Жоғарыда айтылғандай аталмыш жоба еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Бұл жобаға Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады.
Қазір жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына да барлық жағдай жасалып отыр. Соның дәлелі, 2024 жылдың қорытындысымен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 14-35 жас аралығындағы 582 жас 2,5 пайызбен жалпы сомасы 3,7 миллиард теңгеге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Осы ретте аталмыш жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен абзал.
Кез келген үйдің керегесі кең, уығы мығым болмаса, оның шаңырағы биіктемейтіні белгілі. Сол секілді аудандар мен қалалардағы Жастар ресурстық орталықтарының жұмысы жүйелі болмаса, облыстық бас мекеменің тірлігі алға баспайтыны анық. Бүгінде өңіріміздегі 1 облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық Жастар ресурстық орталықтарында жалпы саны 423 маман қызмет атқаруда. Оның ішінде 365 маман жастармен етене, тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қатар Жамбыл облысындағы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарында 157 875 мүшесі бар. Олар жалпы білім беретін мектеп оқушыларының 70 пайызын құрайды. Ал «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының сапында 6 400 белсенді жас бар. Сонымен қатар «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалында 613 әскери-патриоттық клубта 17 248 мүшесі көзге түсуде.
Жастар саясатының дамуын ілгерілету мақсатында Шу қаласында жаңа Жастар ресурстық орталығы ашылса, Қаратау қаласында арнайы бөлімі құрылды. Сонымен қатар облыс бойынша барлық орталықта «NEET» санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ашылып, сол бойынша арнайы инспектор бекітілді.
Тағы бір айта кетерлігі, орталық қызметкерлерінің ай сайынғы жалақысы Тараз қаласы, Байзақ, Шу, Жамбыл, Қордай, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында – 50, Мойынқұм ауданында – 45, Меркі ауданында – 30, Жуалы ауданы мен Шу қаласында 20 пайызға артты.
Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері қашанда игі істердің басынан табылып, тағылымды шараларға белсене атсалысып келеді. Айталық, жыл басынан орталықтар тарапынан жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті көтеру, патриоттық құндылықтарға баулу, жұмыссыздықты жою, нашақорлық пен құқық бұзушылықтардың, лудомания мен зорлық-зомбылықтың алдын алу және тағы басқа бағыттары бойынша 3 110 іс-шара ұйымдастырып, оған 35 435 адам қамтылды. Ендеше, солардың бірсыпырасына тоқтала кетейін.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланғаны мәлім. Соған сәйкес қажетті шараларды қабылдау бойынша 136 тармақты қамтыған облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарда жыл соңына дейін 24 экскурсия, 6 кездесу, 11 кәсіби байқау мен 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу көзделіп отыр. Бекітілген жоспар аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және оларды насихаттау бойынша «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыптарында еңбек адамдарымен кездесулер, облысымыздағы музейлерде «Ер дәулеті – еңбек», «Еңбекпен ел көгерген» тақырыптар аясында көрмелер ұйымдастырылады. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектер мен студенттерге өңірдегі шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылымдық маңызы бар зауыттар мен фабрикалардың жұмыстарын кеңінен насихаттау мақсатында арнайы экскурсиялар өткізу көзделген. Жұмысшы мамандықтарда білім алатын жастар үшін «Кәсіби маман-2025», «Профи-2025» кәсіби мамандар байқауы мен жастардың зияткерлік қабілеттерін арттыру мақсатында интеллектуалды сайыстарын өткізу де жоспарда бар.
Осы мақсатта жастарға өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, зауыттардың жұмысы, техникалық құрал-жабдықтарын кеңінен таныстыру, және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында «Alashprom», «Казфосфат» ЖШС-нің зауыттарына экскурсиялар өтті. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандардағы техникалық және кәсіптік колледждердің студенттеріне еңбек адамының бейнесін қоғамда құрметке бөлеу, жастар арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты ояту мақсатында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алған болатын. Осы жоба аясында жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Талас, Сарысу аудандарында өңірлік жоба аясында кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары өтті. Мысалы, Жуалы ауданында жастар арасында «KitapIQ» зияткерлік сайысы ұйымдастырылса, «Ауыл» партиясы Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиал аппаратымен бірлесе «MART» ойын-сауық орталығында «Кітап – руханият өзегі» атты кітап жинау акциясы өтті. Акцияға 70-тен аса жас қатысып, өздері оқып біткен кітаптарын ұсынды. Нәтижесінде жиналған қор ауылдардағы кітапханаларға сыйға тартылады. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын өткізу, қажетті шараларды қабылдау бойынша да жылдық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарда жыл соңына дейін блиц-сауалнамалар, кездесулер, зияткерлік сайыстар, челлендждер, байқаулар өткізу жоспарлануда.
Бұған қоса жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлыққа, темекіге және құмар ойындарға тәуелділіктің зардабын кеңінен түсіндіру мақсатында Тараз қаласында орналасқан жоғары және арнаулы орта оқу орындарында кездесулер, түсіндірме жұмыстары да жалғасын табуда. Атап айтқанда бүгінге дейін мұндай іс-шаралар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде, Тараз сервис және технология, Жамбыл жоғары медициналық, Жамбыл политехникалық жоғары колледждерінде өтті.
Жалпы, өткен жылдың өзінде облыстық «Профи-2024» кәсіби жастар байқауы, халықаралық жастар күні мерекесіне орай жастар онкүндігі, Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында халықаралық студентер күніне байланысты жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оқу орнына түскен жастардың шығармашылық, белсенділік, көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында «Stud Fest» байқауы, «Bolashaq zhastar quaty-2024» атты оқыту лагері, облысымыздың тарихи-археологиялық орындарымен, халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен таныстыру, жастардың патриоттық сана сезімін нығайтуға бағытталған «Әулиеата жауһарлары» тарихи-танымдық экспедициясы, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай жастар арасындағы «Әулиеата Camp» апталығы аясында «Жамбылдың жастары жырлайды» атты жас ақындар мүшәйрасы, спартакиада, жастар ресурстық орталығы мамандары арасында өнер байқауы, жылдың қорытындысы бойынша үздік атанған, белсенділік танытып жүрген жастарды марапаттауға арналған қорытынды «Жастар балы-2024» салтанатты кеші ұйымдастырылып, көпшілік көңілінен шықты.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысы полиция департаменті, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалы, облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірлесе бекітілген салааралық жоспар бойынша кәмелет жасына толмаған жастардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алу, құқықбұзушылықтарына жол бермеу мақсатында түнгі рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Рейдтік жұмыстар облыс көлемінде барлық қала мен аудандарда өтіп, бүгінгі күнге дейін 38 жасөспірімге хаттама толтырылып, ата-аналарына ескертулер берілді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 148 іс-шара ұйымдастырылып, оларға жалпы саны 3 805 жас қамтылды. Ауқымды акция барысында 17 916 ағаш көшеті егіліп, 115 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Жастар саясатын жүзеге асыру барысында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан облыстық Жастар ресурстық орталығы тарапынан шешілуге тиіс мәселелер де бар. Атап айтсақ, 2024 жылғы зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Байзақ, Сарысу, Талас ауданындағы орталықтар жеке ғимараттармен қамтамасыз етілмегені анықталды. Сонымен қатар Т.Рысқұлов, Жуалы ауданындағы орталықтар күрделі жөндеуді талап етіп отыр. Сондай-ақ Т.Рысқұлов, Қордай және Сарысу аудандық орталықтарында ауылдық округтеріндегі жастармен жұмыс жөніндегі мамандар жеке бөлмемен толық қамтылмаған, материалдық-техникалық базалары ескірген. Алдағы уақытта бұл мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін табады.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі. Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деп толғануы да бекер емес. Жамбылдың жалынды жастары кешегі Алаш арыстары мен бүгінгі ел Президенті артқан салмақты сенімнің үдесінен шығуға барын салуда. Бұл тұрғыда облыстық Жастар ресурстық орталығы тарапынан атқарылып жатқан айшықты жұмыстар үздіксіз жалғаса береді.
Айбек КАДРАЛИЕВ,
Жамбыл облысы әкімдігі
ақпарат және қоғамдық даму басқармасы
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры